Нұралхан Көшеров Түркістан қаласы көшерлерінің жөндеу жұмыстарымен танысты

Dalanews 08 ақп. 2025 11:35 2194

Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының ішкі көшелерін жөндеу жобаларымен танысып, қаладағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелерді көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен жауапты басшылар құрылысы жүріп жатқан және енді басталатын жобалар туралы баяндады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы әкімі Бейімбет Майлин көшесіне келіп, «Б.Майлин көшесін реконструкциялау»  жобасын көрді. Бүгінде аталған құрылыстың жобалық-сметалық құжаты дайын. Биыл жүзеге асады деген жоспар бар. Тапсырыс беруші – Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Жолдың ұзындығы – 1,96 шақырым. Жоба құны – 1 705,8 млн теңге.

Нұралхан Көшеров Ә.Жангелдин көшесіне барып, осында салынуы жоспарланған көпірдің жобасымен танысты. Көпірдің ұзындығы 1,02 шақырым болса, жолдың ені – 14 метр болады деп жоспарланған. Құрылыс құны – 4 453,9  млн теңге. Өңір басшысы аталған жобаны қайта пысықтап, жүйелеуді тапсырды.

Облыс әкіміне жобалық-сметалық құжаты жасалған әрі қаржыны талап ететін жол құрылысы нысандарының жобалары ұсынылды. Олар жан-жақты сараланып, қаржыландыруға ұсынылмақ. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруды, әрбір мердігердің жұмысын қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге қаланың дамуына оң серпін беретін жобаларға басымдық беру керектігін айтты.

Бүгінде Түркістан қаласы аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 2024 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың ұзындығы 430,1 шақырымға (50,9%) жеткен. Биыл жалпы қашықтығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның 95,4 шақырымды құрайтын 94 көшесінде ведомствалық сараптаманың оң нәтижесі алынып, 30 көшесінде жөндеу жұмыстар бастау алған.

Сонымен қатар қазіргі таңда 43,1 шақырымды құрайтын 65 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаттама әзірленіп, ведомствалық сараптамадан өткізілуде.

Жалпы жоғарыда аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, 845 шақырым жолдың 568,6 шақырымы асфальт жабындысымен қамтылып, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 67,3% жеткізу жоспарлануда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар