Нұрайдың отбасы күдіктіден не үшін 10 млрд талап еткенін түсіндірді

Нұрайдың отбасы күдіктіден не үшін 10 млрд талап еткенін түсіндірді
ашық дереккөз

Шымкентте пышақ жарақатынан көз жұмған Нұрай Серікбайдың отбасы күдіктіден моральдық шығын ретінде 10 млрд теңге өндіріп беруді сұрады. Марқұмның ағасы Сұлтан мұндай талаптың қойылу себебін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл мәселеге заңдық және моральдық тұрғыдан қарау қажет.

«Заң тұрғысынан алғанда, күдікті бұл шығынды өтемейінше мерзімінен бұрын босап шығу немесе жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін тетіктерді пайдалана алмайды. Біз үшін оның өмір бойы осы міндеттемені арқалап жүруі маңызды. Әрине, нақты қандай соманы бекітетінін сот шешеді», – деді Сұлтан.

Ол жәбірленуші тараптың талап етілетін өтемақы көлемін өз бетінше анықтауға құқығы бар екенін атап өтті.

«Сондықтан біз әділ деп санаған соманы көрсеттік. Ал моральдық жағынан алсақ, дүниедегі барлық ақшаны жинағанның өзінде Нұрайдың орнын толтыру мүмкін емес. Біз үшін адам өмірінің құны ақшаға шақталмайды. Егер біз Нұрайсыз өмір сүру сынағын өткеріп жатсақ, сотталушы тарап та өз жауапкершілігінің салмағын сезінуі керек», – деді ол.

Сұлтанның сөзінше, егер моральдық шығын өтелсе, алынған қаражат қайырымдылық мақсаттарға бағытталады. Атап айтқанда, сталкингтен зардап шеккен қыздарға қолдау көрсетуге және көмекке мұқтаж азаматтарға жұмсалмақ.