Нұрай Серікбай ісі: Прокурор Шерхан Аймаханды өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады

Нұрай Серікбай ісі: Прокурор Шерхан Аймаханды өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады
ашық дереккөз

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзі өтіп жатыр. Мемлекеттік айыптаушы соттан Шерхан Аймаханға ең қатаң жаза тағайындап, оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокурор Мадияр Әбілқасымов сотта жәбірленуші тарап келтірген уәждер іс материалдарымен расталғанын мәлімдеді.

“Сараптама видеода қыздың алдын ала жаттаған сөздерін айтқанын көрсетті. Оның мәтінді ұмытып қалған сәтін де бәріміз көрдік. Іс барысында жазаны жеңілдетуге негіз болатын мән-жайлар анықталған жоқ. Сондықтан соттан Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын”, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Еске салайық, биыл қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қатыгездікпен өлтірілген болатын. Тергеу мәліметінше, күдікті Шерхан Аймахан бұған дейін қыздың соңынан қалмай, тіпті алып қашқан.

Прокурор сотта жариялаған айыптау актісіне сәйкес, Нұрай кездесуден бас тартқаннан кейін күдікті оның үйінің маңына келіп, алдымен бес рет пышақ жарақатын салған. Кейін қайта оралып, қызға тағы бірнеше мәрте пышақ сұққан.

Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.