Ән авторлары – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаева (музыкасы) мен айтыскер ақын Сырым Әуезхан (сөзі).
Ақын сөзі Тәуелсіз елдің тарихын тоқырау жылдарынан осы кезге дейін жігерімен жетектеп жеткізген Елбасының еңбегіне алғыс айтып, мызғымас бірлігіміздің беріктігі жетістіктерге жетелерін айта отырып, тыңдаушыны жақсылықты көре білуге, өткенге көз жүгірте отырып, болашаққа сеніммен қарауға шақырады.
Мағыналы тексті ырғағы белсенді, диапазоны кең, көңілді шарықтатар әсерлі музыка толықтырып тұр.
Әннің бейнебаянында Азаттықтың алғашқы 30 жылында өндірісте, білім мен ғылымда, спорт пен медицинада, әскери салада жеткен жетістіктерді, шегенделген шекарамыз бен тәуелсіз Қазақ елінің туы тігілген Алматы мен елордасы Нұр-Сұлтанның, Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның даму жолы көрсетілді.
Бейнебаянның түсіріліміне көпұлтты мемлекеттегі татулықтың ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, әлемдік білімге жол ашқан «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектері, «Біз Біргеміз!» акциясы шеңберінде жұмыс атқарған волонтерлар қатысты.
Бейнебаянда көрсетіліп жатқан оқиғалар Тұңғыш Президент – Елбасының тарихи сәттерде сөйлеген сөздерімен байланыстырылған.
Әнді елімізге танымал әншілер М.Арапбаева, Ж.Ауыпбаев, З.Омарова, Е.Айдар, С.Ибрагимов, С.Дәулетхановалар мен «Айналайын» балалар хоры орындады.
Авторлар ерлік пен елдіктің өнегесін насихаттап, бірлікке шақырып, рухты көтеретін бұл туынды алдағы уақытта халық арасында кең таралып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығының бейресми әнұранына айналатынына сенімді.
https://www.youtube.com/watch?v=ftmZV4mdk6U&t=1s