Nur Otan-ның Жемқорлыққа қарсы кеңесінде осы жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды

Dalanews 01 қаң. 2022 16:09 655

Қазақстан «GRECO» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттер тобының 50-ші мүшесі болды, елдің «Transparency International» рейтингіндегі позициясы 113-тен 84-ке дейін өсті. Жыл қорытындысы және алдағы жоспарлар туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республиалық қоғамдық кеңесте айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кеңес хатшысы Дәурен Бижұманов мәлімдегендей, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету 96%-ке, электрондық форматта 94%-ке дейін артқан, 23 проактивті мемлекеттік қызмет енгізілген, олар азаматтардың өтінішінсіз көрсетіледі. Онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану ел көлемінде 98%-ке дейін артқан. Кеңес мемлекеттік органдар үшін барлығы 180-нен астам ұсыныс әзірлеген.

Бұдан бөлек, Кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша партиялық бағдарламаларды орындау жөнінде жүргізілген заңнамалық жұмысқа назар аударды. Мәселен, Жер кодексіне жер учаскесінің нысаналық мақсатын өзгерту рәсімдерін оңтайландыру бөлігінде өзгерістер енгізілген, Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға арналған кезекте тұүрушылардың бірыңғай электронды тізілімі енгізілді. Қосымша Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» және «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобалары әзірленді.

Әйтсе де, Дәурен Бижұманов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі жетілдіру қажеттігіне назар аударды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту мақсатында стратегиялық көрсеткіштер картасына, ұлттық жоспарларға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларына «Сыбайлас жемқорлық деңгейі»  индикаторын енгізу қажет деп санаймыз», – деп атап көрсетті Кеңес хатшысы.


Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өз кезегінде партиялықтар араласқаннан кейін ғана азаматтардың мәселелері шешімін тапқан бірқатар нақты кейсті келтірді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай тұрған 59 мың га ауыл шаруашылық жері мемлекет меншігіне қайтарылып, басқа әлеуетті жер пайдаланушыға берілген. Шымкентте бірнеше тұрғын үй алабы су көзіне қосылған. Қала бойынша сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96% болды.

Биыл Кеңес мүшелері өңірлік әкімдіктер жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомоствоаралық комиссияларға тексеру жүргізіп, сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдады.

«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысына салғырт қарағаны, партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасын орындауда жеткілікті жұмыс жүргізгені, сондай-ақ сеніп тапсырылған бөлімшелерде, Кеңес қаулыларын орындауда атқарушылық тәртіптің босаңдығы үшін партия мүшесі болып табылатын 19 лауазымдық тұлғаға қатысты партиялық жаза шарасы қолданылды», – деп мәлімдеді Ерлан Саиров.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар