Жиына барысында Кеңес мүшесі, журналист Михаил Козачков Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің (ІМАК) қызметіне жүргізілген талдау бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтағанын алға тартты.
Атап айтқанда, ІМАК аумақтық органдары өз өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу қорытындыларының күшін заңсыз жойған. Мұндай жағдай көбінесе «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 152-156-баптары негізінде жүргізілген.
– Біз заңның кейбір баптарына «соның ішінде камералдық бақылау» деген сөзді алып тастай отырып, өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Осылайша, өткізілген конкурстардың қорытындыларына ІМАК-нің араласуға мүмкіндігі болмайды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу қорытындыларының шешіміне шағымдарды қарауды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыларға жүктеу орынды деп санаймыз. Әрі қарай ұйымдастырушының шешімімен келіспеген жағдайда өнім жеткізуші ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі шеңберінде сот органдарына шағымдануға құқылы болады, – деді Михаил Козачков.
Алматы қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жағдайын қарау барысында Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева білім беру, жер қатынастары, денсаулық сақтау сияқты салаларда бірқатар мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың жоқтығына назар аударды.
– Кейбір басқармалар осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізбеген. Мысалы, 2020 жылы нысандар құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын орындау кезінде Жайлы қалалық орта басқармасы 29 млн теңгеден астам соманың іс жүзінде орындалмаған жұмыстарын қабылдап, қаржысын төлеген. Сол сияқты тұрғындардан жиі түсетін шағымдардың бірі – энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы жүргізген жұмыстардан кейін жол жабынын қалпына келтіру және абаттандырудың сапасыз жасалуы, – деп мәлімдеді Наталья Дементьева.
Оның айтуынша, Кеңестің ұсынымы бойынша мемлекеттік қызметтен босатылған Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бұрынғы басшысы А.Беркімбаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарамастан, «АлматыЖылуКоммунЭнерго» ЖШС директоры болып тағайындалған.
– А.Беркімбаевтың жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын мардымсыз жүргізуі салдарынан пәтерлерінде жылу жоқ «Восточка» ТК тұрғындары митингіге шықты. Сонымен қатар, А.Беркімбаев аталған серіктестіктегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы сектордың басшысын жұмыстан шығарып, осы лауазымға өзінің жүргізушісін тағайындаған, – деп қабақ шытты депутат.
Сондай-ақ, ол Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беруді сұраған Кеңес жұмыс тобының өтінішін елемегенін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша Кеңес Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында тиісті заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды қарауды және Парламентке енгізуді ұсынды.
Алматы қаласының басшылығына Кеңестің жұмыс тобы анықтаған кемшіліктерді жою бойынша қажетті шаралар қабылдау ұсынылды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысқа формалды қарағаны үшін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев пен партияның Наурызбай аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Санжар Тоғайдың партиялық жауапкершілігі қаралатын болады.
Сондай-ақ, Алматы қаласының әкіміне Қалалық жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевті тәртіптік жауапкершілікке тарту, ал партияның қалалық филиалына «АлматыЖылуКоммунЭнерго» ЖШС-ның директоры Айдар Беркімбаевты партия қатарынан шығару ұсынылды.