«Нұр-Бағымның» бағы болған – Гүлжан апай

Dalanews 22 там. 2022 10:32 349

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Демография дамып, бала саны жыл сайын артып келеді. Сол балаларға тәрбиенің түп-тамыры, басы болатын бүгінде балабақша туралы айтылып, жазылып та жатыр. Сол себепті, балабақша бізге көптік етпейді. Тек мемлекеттік стандарттарға сай болып жасалса екен. Кейбір жекеменшік 2-3 қабатты жер үйлерді балабақшаға айналдырып жатыр. Яғни, бизнеске айналдыруда. Біздің ауылдың балабақшаға айналған жер үйлерін аралап көрдім. Көңілімнен шықпады. Біраз жерді қарап көріп, іздедім.

Осы орайда, біздің ауылымыздан алыстау болса да, тасымалы бар Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық оркугі, Береке ауылында орналасқан ЖШС «Нұр-Бағым» бөбекжай-балабақшасы туралы айтқым келеді. Басшылық, тәрбиешілері бәрі өте білімді, нағыз өз ісінің мамандары. Өте үлкен әрі заманауи жабдықталған балабақшада бала өте көп. Барлық баланың жағдайы жасалған. Сабақ оқитын, ойнайтын, ұйықтайтын, спортқа, мерекелік шаралар, жиын өтетін мәжіліс залдары бәрі бөлек-бөлек жасалған. Ауласындағы арнайы балалар алаңы да жаңадан жасалған. Балалар таласпай ойнайтындай, кең, әдемі етіп дайындаған. Қауіпсіздік шараларын ескеріп, қатты биік емес сырғанақ, әткеншек, айналмалы әткеншектер, сан түрлісін қойған.

Өзімнің Ғанибет балам осы бақшадағы «Түймедақ» тобының тәрбиешісі Мақсұтова Гүлжан Сатыбалдықызының тобына барды.



Гүлжан апайдың балаға деген қамқорлығы, махаббаты, мейірімі, біліктілігі, білімі сезіліп тұрады. Ересек топ болғандықтан, мектепалды даярлық сабақтарын оқытады. Күнде жұмысқа Гүлжан апай жоғары деңгейде дайындықпен келетінін байқаймын. Көрнекілік құралдары барлығы керемет. Үйлестіру жұмыстарына жақсы көңіл бөледі. Арнайы ашық сабақтар өткізіп, ауырып қалса, күнде хал-жағдайын сұрап, хабарласып, уақыт тауып ата-аналармен күнде байланыста отырады. Күнде ертегісін айтып ұйықтатады. Жас ерекшелігіне қарай бала нені игеруі тиіс, соның барлығын қамтиды. Өз жұмысына махаббатпен қарайтын Гүлжан апайға ризамыз. Жан-тәнімен беріліп, балаларым деп, тобының қамын алға қойып, әрқашан бірінші болайық деп жүреді. Қандай тамақ беріледі соны да ата-аналар біліп отырамыз.

Баланың өсіп-дамып жатқанын көру, алға ұмтылысын аңғарып, «болар баланың белін буып» қанаттандырып отыратын осындай тәрбиешілер көп болса, баланың бағы емес пе?! Балабақшадағы үйірмелерге де баланың талантына қарай, аналарымен ақылдасып, қайсысына берген дұрыс, баланың қабілеті қандай екенін айтып, біздерге бағыт-бағдар беріп отырады. Бала тәрбиешісінің қасында аптаның 5 күнін, таңнан кешке дейін жүреді, үйде аналары байқамағанды бақшадағы апайлары байқайды. Өзге де балабақшаларға біздің Гүлжан апай сияқты тәрбиеші қызметкерлердің көп болуын тілеймін.

Гүлжан апайға зор алғысымды білдіремін. Отбасына амандық, деніне саулық, қажымас қайрат тілеймін. Еңбегі еленіп, қызметте тек жоғарылай берсе екен. Сіздей тәрбиешісі бар ата-аналар, біздер бақыттымыз.

 

«Түймедақ» тобының тәрбиеленушісі

Ғанибет ШЕРАЛЫНЫҢ анасы

Еңлік АҚЖІГІТ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x