Нүкеновтердің адвокаты сот отырысынан кейін мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 30 нау. 2024 16:14 5254

Кеше бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтті. Сот процесі барысында жәбірленуші тараптың өкілі - марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді және куәгерлер сөз сөйледі.

Нүкеновтердің адвокат Жанна Оразбақова әлеуметтік желіде кешегі сот отырысы қалай өткенін жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, кейбір тұста жәбірленуші тараптың сұрақтары негізсіз алып тасталған.

"Өте ұзақ күн болды… Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сот күні бойына, аз ғана уақыт түскі үзіліспен сағат 10.00-ден 18.30-ға дейін созылды.

Сот іске тікелей қатысы бар сұрақтарымызды негізсіз алып тастады. Бірақ біздің клиентімізден (Айтбек Амангелдіден - еск.) жауап алу кезінде біз алып тастауды сұраған орынсыз сұрақтар алып тасталмады.

Біз бүкіл процесс бойы жауап алынған адамдардың арқасын көріп отырдық. Оларға дұрыстап қарап, сұрақтар қоюға мүмкіндігіміз болмады. Алқабилер де олардың эмоциясын көре алмады, өйткені олар алқабилерге де теріс қарап тұрды.

Процестің басында біз дұрыстап жауап алу және жұмыс істеу үшін трибунаны жылжытуды сұрадық, бірақ аяқталғанша солай отырдық", - дейді ол.

Айта кетейік, кешегі сот отырысында қылмыс болған жерде жұмыс істеген қызметкер куәгер ретінде жауап берді.

"Сағат 19.00 шамасында Байжанов телефоныма хабарласып, BAU мейрамханасына көтерілуімді сұрады. Не үшін екенін білмеймін. "Тез көтеріл" деді. Мен бірден сол жаққа бардым. Лифтке кірсем, жедел жәрдем болды. Қуандық Уәлиханұлы қолына пышақ ұстап жүрді. Ол дәретхана жаққа пышақпен кіріп кетті. Біз қатты қорқып кеттік, артынан ердік. Одан пышақты алып, полиция келгенше күттік. 15-20 минутта полиция келді", - деді бармен.

Оның сөзінше, Бишімбаевты көрген кезде қасында тек Байжанов болған. 

"Бишімбаев ештеңе айтпады. Сасқалақтап тұрды. Жылап тұрды. "Не үшін істедім, не болды?" деді. Кейін өлім болғанын білдік. Қарсыласпады (пышақты алғанда - еск.). Мас еді. Ол "мен өлтірдім бе?" деп сұрады. Ол өз-өзіне қол жұмсағысы келген шығар (пышақты ұстаудағы мақсаты - еск.). Ол дәретханаға жалғыз кіріп, жауып алды. Біз суицид жасай ма деп қорқып кірдік. Пышақты алып алған кезде асханаға басқа пышақ алу үшін жүгіріп кетті. Қан, ештеңе болмады", - деді бармен.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар