Қазір қазақ қарызға өмір сүріп жатыр. Мұның басты себебі – күнделікті күйбең тірлікке кететін шығынды былай қойғанда, қаржылық сауаттылықтың кемдігі. Оның үстіне халық арасында «қарызды туыстан сұрағанша, несие алған оңай» деген түсінік қалыптасқан. Бүгінде несиенің 85%-і бизнесті ілгерілетуге не басқа да нақты мақсатқа алынбаған, ал борышкерлердің дені 27 жасқа дейінгі жастар екені анықталып отыр. Олар көбіне смартфон, құлаққап сынды техниканы алып отырған. Қажетін несиемен өтеген жастар үшін «NinetyOne» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев – ZaQ бірнеше лайфкахпен бөлісті. Ешқашан кредит алып көрмедім деген жұлдыз ақшаны басқаруда оны үнемдеуге, есебін жүргізуге, білімге, тұлғалық дамуға, инвестиция құюға шақырды.
Абай атамыз «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беру керек. Екіншіден, кез келген дүниенің бағасын сараптау қажет. Үшінші кезекте қаржылық қор тұр. Адам тапқан табысының жоқ дегенде 10 процентін жинап отыру керек. Ал біздің жиі еститініміз, қазақстандықтар ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады. «Ақша жинау ешқашан кеш емес!» деген сөз бірінші шығарылымның басты фишкасы болды десек артық емес. Бұл ретте топ мүшелері өз тәжірибелерін тарқата келе қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына көңіл бөлді.
– Дүкенге бармас бұрын алатын заттың тізімін жасап, кететін шығындарды есептеп шығу керек. Сол кезде қаржының қайда кеткенін бақылай аласыз. Ай соңында жазған кітапшаңызға назар салыңыз. Дүкеннен қалған тиындарды кез келген жерге қалдырмаңыз. Есіңізде болсын, ақша тиыннан құралады», – деді топ солисті, Alem лақапатымен танымал Батырхан Маликов.
Шығарылымда Азамат Ашмақын – Ace қомақты қаржыны банкте сақтау, депозиттің тиімділігін қажетке жарату турасында сөз қозғады. Спикер отбасының әр мүшесінің атына депозит ашу дұрыс шешім екенін жеткізді. Себебі, салымшы саны шектеусіз. Шотты ата-ананың, күйеуі мен әйелінің, аға-інілерінің, әпке-қарындастарының, тіпті балалардың атына ашуға болады.
– Жеке басыма келетін болсақ, «Отбасы банкіне» жүгінемін. Бұл банк еліміздегі тұрғын үй саясатын бір орталықтан басқара отырып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін баспаналы болуға мүмкіндік сыйлайды. Мысалы, «Арнау» депозитін ашуға мүмкіндік бар мұнда. Оны ашсаңыз, балаңыз 10 жылдан кейін ең төменгі 2 пайызбен несие рәсімдеп, пәтер ала алады. Балаңыз 8 жаста болса, ол өз атына ашылған «Арнау» депозиті арқылы 10 жылдан кейін, яғни 18 жасқа келгенде баспаналы бола алады. Жас отбасылар үшін де тиімді шарттар қамтылған бірнеше мүмкіндік бар. Бастысы, мұнда 200 АЕК дейінгі сомаға 20% мөлшерінде мемлекеттік сыйақыны әрбір салымға алуға болады. Естуімше, биыл депозиттегі жинаққа қосылатын ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 138 мың теңгеге жуық екен. Алдағы уақытта мен де осы жинақ арқылы арманымдағы үйге қол жеткізуді ойлаймын. Отандастарыма айтарым, қиындықтармен бетпе-бет келгенде берілмеу керек. Пәтер аламын деген мақсат болса, оған бөлек бюджет арнап, дисциплина қалыптастырған маңызды, – деді әнші.
«Қаржылық сауаттылық» айдарының 2-ші шығарылымында да қамтылған дүние көп. Жұлдызды топ қаржы басқарудағы техникаларды таразыға салып, бастан кешке оқиғаларын баяндады, ақшаны алақанда ұстап, шығынсыз табысқа шығу мәселелеріне келгенде де ашықтық танытты. Сондай-ақ уақыт тауып, қандай мотивациялық кітаптарды парақтайтынымен бөлісті. Себебі қазір жастар кәсіп игеруде беделді бизнесмендердің бағытын негізге алады. Керек кеңесін түртіп алып, қажетіне жаратуға әзір.
– Джорж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам» бестселлерін қазақ тілінде Серік Ерғали мазмұндаған. Кітап атауынан байқағанымыздай, басылым бай болудың ережелерін баяндайды. Қаржыны дұрыс пайдалануды, табысты сақтауды үйрететін бұл кітап «Байлық әліппесі» деп те аталып жүр. Бұдан бөлек, Дәулет Арманұлының «Миллион доллар қолда», «Ментор» кітабы бар. Бұл кітаптарда арманды қалай мақсатқа айналдыруға болатыны жазылған. Ол оқырманның сеніміне кіріп, мимен жұмыс істеудің қаншалықты маңызды екенін айшықтайды. Сіздерге осы кітаптарды оқуға кеңес береміз және көрермендерге автограф қалдырып, сүйікті кітаптарымызды таратуға да дайынбыз, – деп қорытындылады BALA лақапатымен белгілі Данияр Құлымша.
Шығарылым соңында жұлдыздар «Отбасы банкінің» бастамасы жалғасын табатынын жеткізді. Өйткені жақын күндері көптің тағатсыз күтетін бағдарламасына айналған «Қаржылық сауаттылықтың» 3-ші бөлімі жарық көреді. «91»-ліктер кері байланыста да кері тартпақ емес. Ең белсенді көрерменге көрсетілер құрмет ерекше болмақ. Қаржы тақырыбы төңірегінде қызықты сұрақтар қойып, белсенділік танытқан
ең үздік көрермен тікелей студияға жолдама ұтып алып, өз сауалын NinetyOne-мен бірге талқыға салады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, әрбір оқырманның ерекше челленджге қатысып, спикерлердің ұсынған кітаптар мен «91»-ліктердің мерчын сыйға алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін Сіз Белгілі бір материалдық мақсатқа жету үшін қалай ақша жинағаныңызды TikTok-та бөлісіп, видео түсіруіңіз шарт. Видеоның астына #NinetyOneOtbasy хэштегі міндетті түрде қойылуы тиіс. Сонай-ақ Otbasy Bank-тің TikTok арнасына жазылу да байқау талаптарына кіреді.
Оның нәтижелері банктің TikTok арнасында 2023 жылдың 22 желтоқсанында сағат 17:00-де тікелей эфирде көрсетіледі. Сәттілікті уыстан шығарып алмаңыз, оқырман!