Ерлан Нығматулинге тиесілі зауыт қаза тапқан қызметкердің отбасына 10 жылдық жалақысын беретін болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Өкінішке қарай, жергілікті және шетелдік мамандардың кәсібилігіне қарамастан, біздің әріптесіміз, өз ісінің шебері, пеш бастығы Исмайлов Музафар Имантайұлы өмірден өтті. YDD Corporation Музафар Имантайұлының қайтыс болуына байланысты оның туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, көңіл айтады. Бүгінгі таңда компания жерлеуді ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады, сондай-ақ отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетеді", - делінген компания хабарламасында.
⠀
Атап айтқанда, компания келесідей көмек көрсетеді:
- Отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайды.
- Отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетеді.
- Қызметкер мен оның жұбайының барлық несиелерін толық өтейді.
Айта кетейік, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысы кенеттен пештен шыққан жалынның салдарынан қатты күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі 22 шілдеде қайтыс болды.
Дәрігерлер сегіз науқастың алтауының жағдайын өте ауыр деп отыр.
"Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, Қарағанды ферроқорытпа зауытында зардап шеккен жұмысшыны аман алып қала алмады. 1993 жылы туған, денесінің 85 пайызы күйіп қалған, осы уақытқа дейін өте ауыр жағдайда болған науқас қайтыс болды. Марқұмның жақын туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз", - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Еске салайық, 20 шілдеде, таңғы сағат 04:10-да YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. Оқыста №1 пештен жалын шығып, салдарынан кәсіпорынның 8 қызметкері түрлі дәрежедегі жарақат алды.
Компания сенбі күні, 20 шілденің таңында зардап шеккен барлық қызметкердің ауруханада жатқанын, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетілетінін айтты.
"Компания зардап шеккендерге барлық көмек көрсетеді және аурухананың медициналық қызметкерлерімен үнемі байланыста болады", - деп сендірді YDD.
YDD Corporation ферроқорытпа зауыты Қарағандыда орналасқан. Жылына шамамен 240 мың тонна ферросилиций өндіреді. "YDD Corporation" ЖШС құрылтайшысы компанияның тең иесі Ерлан Нығматулин болды. 2021 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің рейтингіне кірді.