Сәтбаев университеті Германияның жетекші университеттерімен қос диплом бағдарламасын іске қосады

Сәтбаев университеті Германияның жетекші университеттерімен қос диплом бағдарламасын іске қосады

Сәтбаев университеті Германияның үш қолданбалы ғылымдар университетімен өзара келісімдерге қол қойды. Құжаттар машина жасау саласында қос диплом беруді, академиялық алмасуды, тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ инженерия, цифрландыру, энергетика, автоматтандыру және жаңа материалдар бағыттарында бірлескен зерттеулер жүргізу жұмыстарын көздейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Келісімдер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға барған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Германия жоғары оқу орындары ректорларының кездесуінің қорытындысы бойынша жасалды. Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев осы аталған кездесуге үкіметтік делегация құрамында қатысты.

Hof University of Applied Sciences: қос диплом

Университет практикалық бағытта білім беруге, компьютерлік ғылымдарға, робототехника мен цифрлық технологияларға маманданған. Машина жасау саласы бойынша бірлескен бағдарлама студенттерге екі университеттің дипломын алуға, оқу бағдарламасының бір бөлігін Германияда оқып, сол жерде тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді.

Mittweida University of Applied Sciences: инженерлік технологиялар

Меморандум автоматтандыру, робототехника, цифрлық өндіріс, лазерлік технологиялар және жаңа материалдар бағыттарын қамтиды. Университеттің қолданбалы зерттеулер жүргізу базасы өте мықты және өнеркәсіп орындарымен тығыз байланыс жасайды. Студенттер мен жас зерттеушілер академиялық алмасу бағдарламаларына, бірлескен жобаларға және ғылыми тағылымдамаларға қатыса алады.

Zittau/Görlitz University of Applied Sciences: энергетика және тұрақты технологиялар

Өзара серіктестік байланыс энергетика, материалтану, автоматтандыру және экологиялық технологиялар бағыттарын қамтиды. Университет өнеркәсіптік серіктестерімен бірлесіп қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Бұл студенттерге халықаралық тағылымдамалардан өтіп, практикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

«Халықаралық ынтымақтастық қарым-қатынас құжаттарға өзара қол қоюмен ғана шектелмеуі тиіс, бұл біз үшін өте маңызды. Ең басты нәтиже — студенттер мен оқытушылар үшін нақты мүмкіндіктердің қалыптасуы: яғни шетелде білім алу, бірлескен зерттеулерге қатысу, заманауи технологияларға қол жеткізу және практикалық тәжірибе жинақтау. Неміс университеттерімен серіктестік қарым-қатынас осындай мүмкіндіктерді жүйелі түрде кеңейтіп, оларды Қазақстан экономикасының қажеттіліктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді», – деді Мейрам Бегентаев.

Сәтбаев университеті – Қазақстандағы ең көне техникалық жоғары оқу орны, ол 1934 жылы Алматы қаласында құрылған. Университет тау-кен металлургиясы, мұнай-газ, IT және энергетика салалары үшін қажетті инженерлерді даярлайды.