Несие бойынша мерзімі өткен берешек 7,4%-ға азайды

Dalanews 29 қаз. 2017 10:33 787

2017 жылдың 27 қазаны күні БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ұлттық банкінің БҚО филиалының директоры Қ.Құлбарақовтың және оның орынбасары Н.Қалдыбековтың қатысуымен «Батыс Қазақстан облысының қаржы-несие нарығының  2017 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысы» тақырыбында брифинг өтті.

Филиал директорының айтуынша, 2017 жылғы қыркүйекте тұтыну бағаларының индексі 2017 жылғы тамызға қарағанда 100,4%,  2016 жылғы қыркүйекке – 106,9% құраған.  2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыс аумағында екінші деңгейдегі банктердің 14 филиалы, банк филиалдарының 68 бөлек үй-жайлары, 20 сақтандыру компаниясының 22 филиалы, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензиялары бар 34 заңды тұлға, 119 айырбастау пункті, соның ішінде 68-і екінші деңгейдегі банктердің, 49-ы уәкілетті ұйымдардың, 2-і пошта байланысы ұйымының пункттері, филиалда есептік тіркеуден өткен 9 микроқаржылық ұйымдар қызмет атқарды.

2017 жылдың 9 айында банктердің филиалдары 157,8 млрд. теңге сомасында кредиттер берді, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 56,0%-ға көп. Ұлттық валютада берілген кредиттер көлемі 58,7%-ға (156,5 млрд. теңгеге) дейін өссе, шетел валютасында - 61,3%-ға  (0,9 млрд. теңгеге) дейін азайды. Жеке тұлғаларға 72,9 млрд. теңге сомасында кредиттер берілді, бұл 2016 жылдың сәйкесті кезеңінен 64,7%-ға көп, заңды тұлғаларға 84,9 млрд. теңге берілді, 49,2%-ға өсім құрады.

2017 жылдың қаңтар - қыркүйегінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 23,0 млрд. теңге сомасында кредиттер берілген, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 62,1%-ға көп (берілген кредиттердің жалпы көлемінен 14,6% құрады); азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген кредиттердің сомасы 10,3 млрд. теңге құрады және 99,1%-ға ұлғайды (үлесі 6,5%); халыққа тұтыну мақсатына берілген кредиттер сомасы 54,1 млрд. теңге құрады немесе 61,8%-ға артты (үлесі 34,3%).

2017 жылғы 1 қазанға кредиттер бойынша берешектің жалпы сомасы 211,0 млрд. теңгені құрады және 2016 жылғы 1 қазанмен салыстырғанда 10,5%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың кредиттері бойынша берешек 119,0 млрд. теңгені құрады және 16,0%-ға өсті, заңды тұлғалар бойынша – 92,0 млрд. теңгені құрап, 4,1%-ға көбейді.

2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілердің берешегі          52,8 млрд. теңге құрады және 2016 жылғы 1 қазанмен салыстырғанда 16,2%-ға ұлғайды. Азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген кредиттер бойынша берешек 34,2 млрд. теңге құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға көп, тұтыну мақсатына берілген кредиттер бойынша берешек 20,7%-ға өсіп, 70,5 млрд. теңге құрады.

2017 жылдың 1 қазанына кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек 2016 жылдың тиісті күнімен салыстырғанда 7,4%-ға азайып, 10,4 млрд. теңге құрады, заңды тұлғалардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешек 18,7%-ға 4,7 млрд. теңгеге дейін төмендеді, ал жеке тұлғалар бойынша - 4,5%-ға 5,7 млрд. теңгеге дейін көбейді. Мерзімі өткен берешегі бар кредиттер банктер филиалдарының қарыз портфелінің 4,9%-ын құрады.

2017 жылдың қаңтар - қыркүйегінде облыстың банктік мекемелеріне тартылған салымдардың жалпы сомасы 419,9 млрд. теңге құрады және 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,5%-ға өсті. Заңды тұлғалардан 262,0 млрд. теңге тартылды немесе барлық тартылған салымдардың 62,4%-ы, жеке тұлғалардың үлесіне 37,6% немесе 157,9 млрд. теңге сәйкес келеді.

2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста айналымдағы төлем карточкаларының саны 500,6 мың дана (2016 жылдың сәйкесті күнімен салыстырғанда 2,2%-ға көп), карточка ұстаушылар саны 455,9 мың адам құрады (2,2%-ға артқан). Облыста 365 банкомат (1,4%-ға көп), 3951 POS-терминал (17,9%-ға артқан), 49 банктік киоск (31,0%-ға аз) жұмыс істейді.

2017 жылғы қаңтар - қыркүйекте қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша төлем карточкаларын пайдалану арқылы 41,9 млрд. теңге сомасына (2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға көп) 1984,6 мың транзакция жасалған (73,9%-ға көп). 2017 жылдың               9 айында карточкалық шоттан қолма-қол ақшаны шешу бойынша 247,1 млрд. теңге сомасына (2016 жылдың қаңтар - қыркүйегімен салыстырғанда 18,6%-ға ұлғаю) 6182 мың транзакция жасалды (11,5%-ға көп).

2017 жылғы қаңтар - қыркүйекте Филиал жеке және заңды тұлғалармен Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауына бақылау жүргізді. Осы кезеңде 23 материал қаралды, соның ішінде: 6 іс бойынша әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолданылды (соның ішінде 3 іс бойынша шешім сот органдарында қабылданды); 4 іс бойынша ескерту жасалды; 13 материал бойынша бұзушылықтың болмауына (оқиға/құрам) және мерзімінің өтуіне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалған жоқ.

Филиал алтын және күмістен жасалған инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатуды жүзеге асырады. 2017 жылдың қаңтар - қыркүйегінде құнды металдардан жасалған 371 монета сатылды. 2017 жылы Ұлттық Банк «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан «Грейг қызғалдағы», «Шығыс күнтізбесі» сериясынан «Ит жылы», «Қазақстан халқының ертегілері» сериясынан «Неміс ертегісі» (Бремен музыканттары), «Республика игілігі» сериясынан «Алтын дән даласы», «Қазақстанның бейнелеу өнері» сериясынан «Ы. Алтынсарин», сондай-ақ «Игілік монетасы» («Тасбақа») монеталарын шығарды. Монеталар туралы нақты ақпаратты 55-45-32 телефоны бойынша алуға болады.

Халыққа арналған тазартылған алтын құймаларды сату мен сатып алу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алтын құймаларды Қазақстан теңге сарайы дайындады және 10, 20, 50 және 100 грамм болып төрт түрде ұсынылады. Қазіргі кезде Орал қаласында алтын құймаларды Қазақстанның Халық банкі, Еуразиялық банк және Цеснабанк филиалдарынан сатып алуға болады.

2017 жылдың 9 айында екінші деңгейдегі банктік, сақтандыру қызметтерінің мәселелері бойынша Филиалға қарауға 159 өтініш келіп түсті, оның ішінде 135 – жеке тұлғалардың өтініші, 24 – заңды тұлғалардың өтініші. 78 өтініш бойынша құжаттамалық тексерулер жүргізілді. Олардың қорытындылары бойынша екінші деңгейдегі банкіге жазбаша ұйығарым түріндегі 1 шектеулі ықпал ету шарасы қолданылды. Екінші деңгейдегі банктер филиалдарының өкілдері мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың 9 жұмыс кездесулері ұйымдастырылды. Филиалдың қоғамдық қабылдауында 220 азамат қабылданды, оларға қаржы саласындағы түрлі мәселелер бойынша консультативтік көмек көрсетілді.

 

 

КР УБ БКО есебі

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар