Некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қылмыстық кодекске некеге тұруға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауаптылық көзделген жаңа 125-1-бап енгізілді. Бұл заңға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде қол қойды.
"Неке – бұл ерікті одақ, ол тек екі жақтың өзара келісімімен ғана жасалуға тиіс. Мәжбүрлеу, әсіресе, қысым, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық көрсету адамның негізгі құқықтарын бұзу деп саналады. Бірқатар елде мұндай неке адам саудасының бір түрі ретінде танылады", - деп жазылған хабарламада.
Кейінгі 5 жылда Қазақстанда осындай 257 қылмыстық іс тіркелген, олардың 95%-ы тоқтатылған.
"Жаңа заңнамаға сәйкес қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе басқа да қысым көрсету арқылы некеге мәжбүрлеу үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, ал ауыр зардаптар болса, 10 жылға дейін жаза көзделеді", - деп жазылған хабарламада.