Өңірлерде тасқын судың беті әлі де қайтпай тұр. Халық үйлерін тастап, мектептер мен әлеуметтік нысандарды паналап жатыр. Халықтың ұзақ жыл жинаған мал-мүлкіне ірі көлемде залал келді, оған қоса төтенше жағдай кезінде бағытын жоғалтып алғандар да бар.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай бұл жағдайдан кейін Үкіметте ауыс-түйіс жасау керек екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың сөзінше, әкімдіктерде ешқандай дайындық жоқ. Бұл - Үкімет пен әкімдіктер арасында байланыс жоқ екенінің белгісі. Мақсат Толықбай бұл жағдайға кінәлі ретінде Роман Склярды атады.
"Тамырынан құрттаған ағаш бұтағынан емделмейді. Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыратын кез келді.
Аймақтарды аралап, Ақтөбенің ортасына шеттік. Бірақ, қадірлі ағайын, шынын айту керек, әкімдіктердің дайындығы өте нашар. Тіпті басқасын айтпағанда, кейбір аудан әкімдерінің резервінде не қайық жоқ, су етік табылмай жатыр. Әкімдік пен Үкіметтің арасында байланыс жоқтың қасы десек болады.
Бұған бірінші кезекте кім жауапты? Ашығын айту керек, премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жауапты. Кеше Ақтөбеге келді. Алға дейтін бір ауданға барды, бірақ судың астында қалған Ойылға неге бармайды?
Мұның алдында алапат өрт болғанын білесіздер. Қаншама адам өртеніп кетті. Бұған да кім жауапты? Роман Скляр жауапты. Сөгіспен құтылды.
Сондықтан бұл өзгелерге сабақ болуы үшін Президент сөгіс жариялап жатыр. Бірақ Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелеріне шара қолданып, ауыстыратын кез келді ғой деп ойлаймын", - деді депутат.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайдан кейін шұғыл жиын өткізіп, Қанат Бозымбаевты премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындады.
Енді Бозымбаев төтенше жағдайлар бойынша жетекшілік етеді.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалған Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлар және су ресурстары мәселелеріне жетекшілік ететін болады", - деп жазды Берік Уәли.