Freedom Inside '26

Назарбаевтың өгей ұлына қатысты ел естімеген дерек тарады

Назарбаевтың өгей ұлына қатысты ел естімеген дерек тарады
Dalanews.kz коллажы

Марқұм Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаевқа қатысты жаңа ақпарат жарияланды. New York Post басылымының дерегінше, ол АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы ең қымбат үйлердің бірін небәрі 10 долларға сатып алған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әңгіме Альпайн ауданындағы зәулім үй туралы болып отыр. Басылым мәліметінше, бұл үй бір кездері 34 миллион долларға сатылымға қойылған. 2012 жылы оны аноним компания 20 миллион долларға сатып алған. New York Post дереккөздері бұл компанияны Данияр Кесікбаевпен байланыстырған. Қазір мүліктің салықтық құны 35,5 миллион долларға бағаланады.

Зәулім үйдің аумағы шамамен 1,6 мың шаршы метр. Онда 9 жатын бөлме, баскетбол алаңы, боулинг, үй кинотеатры, кітапхана, шарап қоймасы, лифт және бассейн бар. Ал жер телімінің көлемі 3 гектардан асады.

Данияр Кесікбаев – Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың күйеу баласы. Наджиб Разак 1MDB мемлекеттік қорына қатысты атышулы іс бойынша сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Тергеу барысында оның жеке шоттарынан шамамен 700 миллион доллар табылғаны айтылған. 2020 жылы сот оны жемқорлық және ақшаны жылыстату баптары бойынша кінәлі деп таныған.

Басылым бұған дейін Кесікбаевтың The Plaza Hotel қонақүйіндегі құны 20 миллион доллар болатын пәтерді небәрі 1 долларға алғанын да жазған.

Айта кетейік, 2012 жылы Болат Назарбаев бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиева мен өгей ұлы Данияр Кесікбаевты 100 миллион доллардан астам активті шетелге шығарды деп айыптап, сотқа жүгінген. Кейін тараптар бұл дауды соттан тыс реттеген.