Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы Дариға мен кенжесі Әлия бітімге келуден бас тартты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен және кіші қыздары - Дариға мен Әлия арасындағы "қырғиқабақ" соғыс аяқталатын түрі жоқ.
"Назарбаев олимптен тайғаннан кейін, әулет үлкендері Дариға мен Әлияны татуластырғысы келген. Себебі, Назарбаевтың отбасы ішіндегі кикілжің қазіргі "Жаңа Қазақстан" жағдайында оларға мүлде қажет емес. Алайда сіңлілердің бір-біріне деген өкпесі тым ауыр сияқты", - дейді, жағдаймен жақсы таныс DALA INSIDE дереккөзі.
Олардың жанжалы Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанның есірткіге тәуелді болуынан басталған еді. Анасынан қашып кеткен Айсұлтанды Әлия өз қамқорлығына алады. Артынан Дариға баласын алып кетуге келгенде, Әлия оның "баланың психикасын бұзды" деп айыптаған. Сол кезде Назарбаевтың үлкен қызы "әулетке есірткіні алып келген сенсін" деп, кіші сіңлісіне жұдырық жұмсаған деген ақпарат бар.
Артынан Дариғаның РОП операторына шабуылы басталды. Әу баста өзінің қол астында істеген Санжар Боқаевты РОП пен утильалымға қарсы қойған осы Дариға Назарбаева болатын.
Осыдан кейін сіңлілер араласуды қойып, әулеттің тойы немесе өлім-жітімдерінде бір-бірінен аулақ жүретін болған. Таяуда оларды татуластырмақ болған туыстарының әрекеті сәтсіз аяқталды.
"Назарбаевтың көзі тірісі кезінде ғана олардың қыздарына қауіпсіздік гарантиясы бар. Ислам Кәрімов өлгеннен кейін оның қызы, жалғанды жалпағынан басқан Гүлнар Кәрімованың қандай күй кешкені, абақтыда отырғанын бәріміз білеміз. Сондықтан да, том-том болып жиналып қойылған біраз қылмыстық істің қозғалмай жатқаны да уақытша ғана", - дейді, дереккөз.
DALA INSIDE кезінде Қазақстанды уысында ұстаған отбасының былықтары туралы аз жазған жоқ. Жақында Дариғаға қатысты бір инсайд дайындалуда.