Талдықорғанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші тұрған тұғыр алынып тасталған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Есдәулет Қызырбекұлы есімді Facebook қолданушысы парақшасында айтты.
"Талдықорғанда Қаңтарда қираған Назарбаев ескерткішінің тұғырын светті өшіріп қойып, жеті қараңғы түнде алып тастапты. Жарық дүниеден қорықты ма, жоқ әлде күн көсемді қатты құрметтеді ме кім білсін, әйтеуір тұғырынан тайдырыпты экс-елбасыны", - дейді ол.
Айта кетейік, халық Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаевтың Талдықорғандағы ескерткішін құлатқан болатын. Кейіннен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жергілікті тұрғындармен кездесуде экс-президенттің ескерткішінің орнына ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш қойылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Тіпті ескерткіш Алматыда дайындалып жатқаны айтылған еді.
Экс-президентке арналған ескерткіш Талдықорғанда Амандық Баталов басшылық еткен жылдары 2016 жылы қойылған.
Қалалық әкімдік өкілдері бұл мәселеге қатысты ресми сауал жолдап, жауап алуды сұрады.