Назарбаевтың күйеубаласын спорттан қуу керек - депутат

Қаракөз Амантай 01 ақп. 2024 17:30 9050


Депутат Ерлан Саиров спорт процесіне бай шенеуніктерді қатыстырмай, түгел алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Мәжіліс депутаттары алдында жаңа заң жобасын таныстырып, спорт мәселесінің қазіргі жағдайына тоқталып өтті. Осы тұста Жарасбаев елімізде спорт түрі көбейгенін, бірақ нәтиже көрсеткіші төмендей бастағанын алға тартты.


Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде 180 спорт түрі бар. Алайда жыл сайын оның 30-40 түрі қысқарып отырады. Тиісінше 2026 жылға дейін 180-нің жартысы қалса, 2027 жылы 60-70 спорт түрі болатынын айтты.


Ал депутат Еділ Жаңбыршин олимпиадалық спорт түрлеріне ғана қаржы бөлу дұрыс емес екенін жеткізді.



“Жақсы жұмыс істеп жатқан спорт түрлерін дамытуымыз кере. Әрең күн көріп жүрген федерациялардың бәрін жоқ қылсаңыздар, онда бұқаралық спорт түрлерін қалай дамытамыз? Бәрі бірдей шаңғы теуіп, бәрі бірдей тұғырдан секіре алмайды. Боксы дамыған Маңғыстаудың өзінде спорт кешендері жетіспейді. Футбол ойнайтындай өңірлерде дені дұрыс стадион жоқ. Алдымен инфрақұрылымды дамытыңыздар, сонан соң қаржыландырыңыздар. Құлыбаевтың адамдары федерацияларды бөліп алып, ақшаны жеп отыр. Неге соларды құртпайсыздар, әлде солармен біргесіздер ме?” – деді депутат.



Осы тұста депутат Ерлан Саировтың Жаңбыршиннің сөзін қостап, спорттан бай шенеуніктердің көзін құртуды ұсынды.



“Министрлікке Қазақстанның спорттық процесіне олигархтарды қатыстырмай, түгел алып тастауды ұсынамын. Қазір Тимур Құлыбаев пен оның қарамағындағылар отандық спортқа кедергі келтіріп жатыр. Бұл мәселені қалай шешеміз? Құзыретті министрліктің олигархтарды спорттан қууға құқығы бар ма? Соңғы төрт жылда көрші Өзбекстанға жете алмай келеміз. Әйтпесе Қазақстан спортқа 1 млрд доллар бөледі. Көршіміз мұндай қаржыны бөлген емес. Сонда миллиардтың бәрі ұрланып жатыр деген сөз ғой” – деп сөзін жалғады Саиров.



Ал вице-министр өз кезегінде жаңа заң жобасы бойынша осы олқылықтармен күресетінін алға тартты.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар