«Сот «Б.» өтінішін қанағаттандыра отырып, жазаның өтелмеген бөлігін бостандықты шектеуге ауыстырды», - деп хабарлады Ақмола облысы Зеренді аудандық соты.
Жазаны ауыстыру кезінде сот келесі жағдайларды ескерді:
сотталған адам заңда белгіленген жаза мерзімінің 1\3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеген;
кінәлі мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді, тергеумен белсенді жұмыс істеді және жасаған ісіне өкінеді;
қамауда болған кезеңде оң сипатталды. Мекеме әкімшілігі тиісті құжаттарды ұсынды және өтінішті қолдады.
Ол сот шешіміне сәйкес пробациялық бақылауда болады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, кәсіпкер Қайрат Боранбаев 2022 жылғы 17 наурызда ұсталып, қамауға алынған болатын.
2023 жылдың 31 наурызында Астанадағы N2 Сарыарқа сотында кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім шықты. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Күні кеше Қайрат Боранбаевтың үш бірдей мұнай-газ компаниясын мемлекетке қайтарған болатын. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Нарықтық құны 60 млрд теңгеге жуықтайтын «Қаражанбас Северный», «Азия Газ Чунджа», «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» кәсіпорындары қазір мемлекет меншігінде.
Тауарлық газды сатумен айналысқан кен орнында 143 ұңғыма, 2,6 млн тонна мұнай мен 13,2 млн текше метр газ бар. Құзырлы орган өкілдері 6 жылға сотталған кәсіпкердің зауытында 740 адам жұмыс істеп жатқанын анықтады.
Бұған дейін, Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.
ҚМА-ның хабарлауынша, мемлекет меншігіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өткен.
Сонымен қатар, Боранбаев шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударған болатын. Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі қонақ үй кешені мемлекет меншігіне өткен еді. Comfort Hotel Astana деп аталатын кешеннің жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асады.