Назарбаевтар әулетіне жақын тұлғалардың бірі ретінде танылған дінтанушы, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол 2025 жылы "Sadaq" медиа агенттігі ұйымдастырған "Дүрбі" алаңына берген сұхбатында Сара Назарбаеваның аман екенін айтып, оның бүгінде 85 жаста екенін жеткізді.
Сапаралының сөзінше, Сара Назарбаеваның соңғы жылдары көпшілік алдына шықпай, ел назарынан тыс қалуына әулет ішінде болған ауыр оқиғалар әсер еткен болуы мүмкін.
"Сара апамыз тірі. Оны енді мынау біздің ақпарат көздері байқап жазу керек. Әрине, жасы үлкен – 85 жаста. Соңғы ондаған жыл ол кісі елдің көзінен таса болды. Әулеттік жағдайлар болды. Ауыр жағдайлар болды. Айсұлтан немересі қайтыс болды. Оның алдындағы Рахат пен Дариғаның оқиғасын қараңыз. Оның бәрі әйел адамға ауыр ғой. Бір кезде ұйып отырған керемет әулет. Бұл саяси астарын айтып, кім кінәлі, кім кінәсіз деген мәселе емес, ол – әйел адам бәріне жаны ашиды. Бәрін жақсы көреді.
Көмекшілерінен естігенмін. Қатты ауырды. Елбасы өзі ұшып келіп, қасында үш күн отырған. Дәрігерлер "қайтады" деп айтқан. Мұнда адамдар ауруына қарау керек. Сара апамыздікі – рухани ауру. Балаларының тағдырын уайымдап, болмай қалған әулетінің қиын тағдырын ойлап, содан рухани кеселге ұшырады.
Ол кісінің ауруына себеп болған тағы бір нәрсе… Сара апамыз суға шомылуды шығарды. Мен кезінде қанша рет сынап айттым. Мүмкін жақтырды, жақтырмады… Елбасыға да жетіп жатты. Тастай суық суды таңертен тұрып құятын. Белгілі бір жаста ол денсаулығына пайдалы болған шығар. Оны сол кезде Елбасыға да істетті. 1994-1996 жылдары қызық көріп соны істеп жүрді. Ал енді тас төбеңнен тастай суық су құйған ол ғұсылға жатпайды. Содан кесел жинайды. Екіншіден, сенің мақсатың не? Иә Алла, маған шипа бер деп тұрған жоқ… Орыстың, украинның мұжық дедың айтып тұр. Ширк қосылып тұр ортада… Түсінік басқа болып тұр. Қаншама күнә жинады. Ол өте қиын нәрсе. Сондықтан ол рухани кеселге ұшырады", – деді дінтанушы.