Назарбаевқа қатысы бар делінген жеке ұшақ АҚШ-та бір жылдан бері жаңартылып жатыр

Қаракөз Амантай 06 нау. 2026 13:20

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар делінген Airbus ACJ320neo бизнес-джеті АҚШ-та бір жылдан астам уақыттан бері қайта жаңғырту жұмыстарынан өтіп жатыр. M-IRAS нөмірлі ұшақ қазір Индианаполис қаласында тұр. Бұл туралы “Выход к морю” телеграм-арнасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Flightradar24 сервисінің деректеріне қарағанда, әуе кемесі кейінгі уақытта тек қысқа техникалық сынақ ұшуларын орындап келеді.

Airbus ACJ320neo үлгісіндегі ұшақтар көбіне “ұшатын пентхаус” деп аталады. Өйткені оның стандартты нұсқасы 180 жолаушыға дейін тасымалдауға қауқарлы. Ал бизнес-нұсқасы әдетте 20–25 адамға арналып жабдықталады. Мұндай лайнерлерде жатын бөлмелер, жұмыс кабинеттері, келіссөз жүргізуге арналған арнайы аймақтар мен демалыс орындары қарастырылады.

Бұл ұшақты Назарбаев пайдаланғаны туралы мәліметтер 2022 жылы жариялаған еді. Сол кезде оның шамамен 100 миллион доллар тұратыны айтылған. Зерттеулерге сүйенсек, әуе кемесі мемлекеттік Berkut Air әуе компаниясының балансында болған.

Ал Қаңтар оқиғасынан кейін ұшақты басқару Prime Aviation компаниясына өткен. Бұл компания кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі екені белгілі.

Қазір Prime Aviation компаниясының ресми сайтында бұл борт туралы ақпарат көрсетілмейді. Сондықтан ұшақтың иесі өзгеруі мүмкін деген жорамал бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove