Назарбаеваның 21 жыл бұрынғы қылмысы: кәсіпкер Әлияға үлесін 19 мыңға сатуға мәжбүр болған

Көркем Алдабергенова 06 нау. 2024 11:22 3196

Кәсіпкер Нұрлан Бимурзин Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева бизнесін күштеп тартып алғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ол баспасөз клубында өткен жиналыста айтты. Нұрлан Бимурзин "ТПК Азия" ЖШС құрылтайшысы болған.

"Компания активінің құрамында 8 мұнайбазасы және 96 жанармай құю бекеті болған. Біз серіктесім екеуіміз осы сәтті 20 жыл күттік. Себебі осы уақыт аралығында жақындарымыздың жағдайына алаңдап қана қоймай, қорқып, үреймен жүрдік. Өйткені оларға қатысты қоқан-лоқы көрсетіліп жүрді.

Назарбаевтардың, әсіресе Әлия Назарбаеваның Қазақстандағы ықпалын бәріңіз білетін шығарсыздар.

Сондықтан әділдік орнауы керек деп есептейміз. Енді әркім өз ісіне жауап беруі керек", - дейді Нұрлан Бимурзин.

Оның сөзінше, Бимурзин 19 ақпанда бас прокуратураға арыз жазған.

"Жаңа Қазақстанға сенеміз, әділдік орнайды деп сенеміз", - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, 2002 жылы әуелі қаржы полициясы тарапынан қысым көрсетілген.

"Әлия Назарбаеваның өкілі келіп, қаржы полициясынан қорған бола алатынын, ол үшін бизнестің 50 пайызы берілуі керектігін айтты. Бір жылдан кейін Назарбаева қалған үлесті сұрады. Мұндай әңгімелер 2003 жылдың қазанында шыға бастады. Олар менің әкем мен серіктесі Медғат Қалиевпен сөйлесіп, активті беру туралы талап қойған. Кейін әкемді Абай мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысынан ұрлап әкетіп, Төле би мен Панфилов қиылысында орналасқан Назарбаеваның кеңсесіне апарған. Әкеме Әлия Назарбаева сұрақты төтесінен қойып, "отбасың үшін алаңдайсың ба, жоқ па" деп сұраған. Әкем олардың қолында билік пен әкімшілік ресурс тұрғанын түсініп, отбасының амандығы үшін келісімшартқа қол қоюға келіскен", - дейді кәсіпкер.

Осылайша Нұрлан Бимурзин 2003 жылдың 13 қарашасында жұбайымен бірге барып, құжаттарға  қол қойған.

"Онда Әлиянің өзі болған жоқ, бірақ оның орнына Валентина Рогова (Конституциялық кеңестің төрағасы болған Игорь Роговтың әйелі) болды. Үлесімді небәрі 18 125 теңгеге сатуға мәжбүр болдым", – дейді Нұрлан Бимурзин.

Айта кетейік, бұған дейін Әлия Назарбаева мен Конституциялық Кеңестің бұрынғы басшысы Валентина Роговаға "рейдерлік шабуыл жасады" деген айып тағылғаны белгілі болған еді. 

"2003 жылы (Назарбаева – ҚазТАГ) өз үстемдігін пайдалана отырып, құны 170 миллион долларды құрайтын (2003 жылғы есеп бойынша) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетінен тұратын кәсіпорынды қолды еткен. Ал бұрынғы иелерін "түрмеге қамап, дене жарақатын саламын" деп қорқытқан. Тіпті тапа тал түсте кәсіп иелерінің бірінің әкесін ашық түрде ұрлап әкеткен. Бұл өзінің ықпалын көрсету үшін жасалған әрекет.

Куәгерлердің айтуынша, адам ұрлауға құқық қорғау органдарының қатысы болуы мүмкін. Қылмысқа сыбайлас қатысушы Валентина Рогова болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар