Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университеті төңірегіндегі дауларды Шигео Катсудың ұйымдастырған ақпараттық шабуылы деп бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Назарбаев Университетіне бағытталған белгілі бір ақпараттық шабуыл жүріп жатыр деп айтар едім. Біздің болжамымызша, оны ұйымдастырғандардың қатарында Катсу мырзаның тобы да бар. Оның университетте әлі де сенімді серіктестері көп – студенттер арасында да, қызметкерлер арасында да. Сол себепті соғыс кезінде барлық амал қолданылатыны белгілі. Жарияланымдардан бөлек, ішкі арандатушылықтар да орын алуда. Бұл оқиғалар Катсу мырзасының белсенді әрекеттері күшейгеннен кейін жиілей түсті. Бұл – ақпараттық соғыстың және ақпараттық қысымның классикалық көрінісі”, – деді Саясат Нұрбек.
Ол үкімет пен министрліктің Назарбаев Университетінің ішкі ісіне тікелей араласа алмайтынын еске салды.
“Назарбаев Университетінің сотқа талап-арыз беруі – бұл оқу орнының өз шешімі. Университет – автономды ұйым, біз бұл процеске араласпаймыз. Министрліктің Катсу мырзаға қарсы сотқа шағым түсіру жоспары жоқ”, – деп қосты министр.
Сондай-ақ ол Катсу мырзаның жарияланымдарында келтірілген деректер шындыққа жанаспайтынын ерекше атап өтті.