Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов Назарбаев университетінде 73,5 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қолданыстағы заңнама университетті қаржылық есептемені ұсынуға міндеттемейді. Бұл университет жұмысының ашықтығына кері әсерін тигізеді. Мәселен, кейбір қаражат тиімсіз жұмсалған және қаржыға байланысты заңбұзушылықтар болған. Аудит барысында университетте 73 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау мен тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Сондай-ақ 0,5 млрд теңгеге қаржы заңбұзушылықтары тіркелді”, – деді Смайылов Мәжіліс дәлізінде.
Оның айтуынша, ЖАП аудит нәтижесінде бірқатар кемшілік пен проблеманы анықтаған.
“Бірінші кемшілік – Назарбаев университеті бюджет қаражатына әлі де тәуелді. Университеттің даму стратегиясында оны республикалық бюджеттен тәуелсіз ету үшін өзге қаржыландыру көздерінен қаражат тарту көзделген. Алайда ерекше мәртебесі мен салық бойынша жеңілдіктеріне қарамастан,университет 97 пайызға республикалық бюджет тарапынан қаржыландырылып отыр”, – деді бас аудитор.
Смайыловтың айтуынша, тағы бір маңызды мәселе – ғылыми зерттеулерді коммерцияландырудың жеткіліксіздігі.
“Ғылыми зерттеулерге көп қаражат бөлінгенімен, олардың тәжірибеде қолданылуы немесе коммерцияландырылуы жоқтың қасы. Осы мәселелер бойынша университеттің жаңа президентімен сөйлестік. Сонымен қатар ұсыныстарымыз университетке де, үкіметке де жолданды", – деп атап өтті Смайылов.
Оның айтуынша, тексеріс төртінші тоқсанда аяқталған.
“Енді заңнамалық бастама үкіметке тиесілі. Біз жасаған қорытынды мен ұсыныстар үкіметке жіберілді. Енді үкімет заңнамаға қандай өзгерістер енгізу керегін шешуі тиіс”, – деді ЖАП басшысы.