Назарбаев пен Путиннің соңғы бейресми жеке кездесуінде Қазақстанның Ресей-Беларусь одағына қосылу мәселесі де талқыланған. Бұл туралы DALA INSIDE жазды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дәлірек айтсақ бұл сұрақты Путин қойған, ал Назарбаев "билік менде емес қой" деп жауап берген. DALA INSIDE дереккөзі Путиннің Назарбаевтан біраз геосаяси кеңес сұрағанын хабарлайды.
"Тоқаев пен Си арасындағы байланыс сөз болды. Путинді Си мырзаның Тоқаевты қаншалықты деңгейде қолдайтыны өте қатты қызықтырады. Бұл оның алдағы біршама маневрлар кезінде Си факторын ескеру керек пе, жоқ па деген сұрағына жауап іздеген түрі болуы мүмкін. Себебі Кремль Қазақстандағы тұңғыш АЭС таңдауы Си Цзиньпиннің пайдасына шешілді деген сигнал алып отыр. Мәскеу Қытайға тікелей қарсы шыға алмайды. Сондықтан ішкі қыжыл бар болса да, бұл шешімді жария түрде қабылдайды", - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Осы айда Астанада өтетін "Қытай-Орталық Азия" саммитінде CNNC корпорациясы мен ҚР Атом энергетикасы Агенттігі арасында ғасыр келісіміне қол қойылуы мүмкін. Егер ол жүзеге асса, онда Балқаш жағасында Қытайдың меншікті ұлттық ядролық жобасы - HPR-1000 реакторлары бой көтеретін болады.
Путин Назарбаевты араға жарты жыл салып екінші рет қабылдап отыр. Оның алдындағы жеке бейресми кездесу 2024 жылдың желтоқсанында Нова-Огарево резиденциясында өткен еді.
"Жалпы бұл кездесулерде Назарбаев Путинге Қазақстандағы ішкі саяси ахуалды, кланаралық тартыстар барысын, кімнің не істеп жүргенін баяндап отыратын сияқты. Бастысы мұндай әрекеттер еліміздің мемлекеттік қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге тиіс. Себебі Назарбаев - мемлекеттік құпияны ұстаушы тұлға. Ол кімнің кім, ненің не екенін Қазақстандағы кез келген адамнан анағұрлым жақсы біледі", - дейді DALA INSIDE дереккөзі.