Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының, мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің және “Ескі Қазақстанның” бірнеше өкілінің Дубайда қымбат жылжымайтын мүлік түріндегі көптеген активі бар екені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Власть порталының мәліметінше, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы, “Астана Балет” театрының арт-жетекшісі Әсел Құрманбаеваның Дубайдан құны 270 мың доллардан асатын пәтері анықталған. Құрманбаева 2000-жылдары "оффшорлық компаниялар арқылы Назарбаевтың жақын адамдарынан 30 миллион доллар алғаны" белгілі болды.
Ал Мәжілістің экс-спикері Нығматулиннің әйелі Венера Баймырзаевадан ондаған жылжымайтын мүлік анықталды.
Дереккөзде мамандығы кәсіпкер деп көрсетілген Венера Баймурзаеваның атына Дубайда жалпы құны 4,3 миллион доллардан асатын 50-ден астам жылжымайтын мүлік тіркелген.
Одан бөлек, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Берік Имашевтың ұлы Әлжан Имашевтың Дубайдағы Назарбаевтың екінші әйелі қоныстанған жасанды арал аумағында құны 1 миллион доллардан асатын пәтері болған. Айта кетейік, құны шамамен 210 мың доллар тұратын пәтер Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы қызметін атқарған Имашевтың әйелі Лейла Айдарбековадан да анықталған.
Бұл тізімді беделді қызмет атқарған тағы бірнеше шенеунік толықтырады.
Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың әйелі Бағдат Баталова - Дубайдағы элиталық тұрғын үй кешенінен құны шамамен 210 мың доллар тұратын екі бөлмелі пәтердің иесі. Істі болған бұрынғы қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеевтің Дубайда құны 500 мың доллардан асатын пәтері бар.
Бұрынғы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымованың әйелі Дина Қасымованың да есімі анықталды. Оның құны 400 мың доллардан асатын бір бөлмелі пәтері болса, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ бұрынғы басшысы Алик Айдарбаевтың ағасы Ержан Айдарбаев жалпы құны 570 мың доллардан асатын екі бөлмелі пәтердің үшеуін иемденген.
Ал сотталып, түрмеде жазасын өтеген Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының Дубайда құны 2,2 миллион доллардан асатын бес пәтері бар екені белгілі болды.
Экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның күйеуінің туыстары да бірнеше мүлік иеленген. Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаеваның атында Дубайда шамамен 250 мың доллар тұратын пәтер бар.
Қаңтар оқиғасы бойынша тергеліп жатқан Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың ұлы Марлен Тұрғымбаевқа құны 347 мың доллар тұратын пәтер тиесілі болса, Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовтың ұлы Талғат Ахметовтың атында шамамен 1,6 миллион доллар тұратын вилла бар.
Ал Түркістан облысының экс-әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ағасы Серік Естай мен жұбайы Айжан Асанованың атында жалпы құны 1,7 миллион долларға жуық 8 пәтер бар екені белгілі болды.
Одан бөлек, құқық қорғау органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Сергей Кузьменконың атында да мүлік бар екені анықталды. Кузьменконың Дубайда құны 348 мың доллар болатын екі бөлмелі пәтері бар болып шықты.