Назарбаев? Митингіге шыққан халықтың талабы орындалуы қажет - Шамалған тұрғындары

Dalanews 17 қаң. 2022 14:10 731

Қазақстандағы ахуалды Ресейдің пропаганда құралдары кірпік қақпай бақылап отыр. Алматыға тілші жіберіп, оқиға орнынан хабар таратқаны өз алдына, экс-президенттің туған жері Шамалғанды да шарлап қайтыпты.

Шамалғандағы Болат Назарбаевтың атшаптырым коттеджін көзбен көрмек болып сонау Мәскеуден келген «Московский комсомолецтің» тілшісі ауыл тұрғындарымен тілдесіп, біраз ақпарат алғанға ұқсайды.

Әлбетте, ресейлік прессаның позициясы мен түпкі пиғылын жақсы білетіндіктен, олар таратқан мәліметке көзсіз сене беруге тағы болмайды. Әйтсе де жердің түбінен келіп тұрып, мақаланы кіл өтіріктен құрастырмағанына сенгіміз келеді.

Сонымен, Шамалғанға ат басын бұрған «Московский комсомолецтің» тілшісі тұрғындармен тілдесе келе мынадай мәліметке қанығыпты:

Экс-президент Жаңаөзенде газ бағасының күрт өсуіне байланысты бейбіт митингі басталған шақта кіндік қаны тамған Алматы маңындағы Шамалған ауылына келген.



Назарбаевтың туып өскен жері жайлы ел арасында әр түрлі алып-қашпа әңгіме жиі айтылады. Қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз? Бірі – ол ауылды қару асынған адамдар күзетіп жүреді десе, бірі «Назарбаев әулетінің зәулім үйін суретке түсіруге болмайды, ет жақындары жатқан қабірстанды тәулік бойы күзетіп тұрады» дейді-мыс.



Ресейлік журналист Назарбаев әулетінің зиратына барған. Бұл жерде ата-анасы, ағасы және 2020 жылы қайтыс болған інісі Болаттың жары Гүлжан жерленіпті. Одан басқа топырағы суымаған мола жоқ екен.

Зират күзетшісі тілшіге "қаңтардың 2 мен 3-і күні ауыл тұрғындарының оққағарлармен жүрген джиптерді байқағанын" айтқан.

"Маған Назарбаев зират басына келетінін айтты. Жан-жақты тазалап дайындап қойдық. Бірақ келмеді".



Қарауыл "Экс-президент аман-сау, Назарбаевтың өмірден өткенін алдымен ауылдастары естір еді" деген пікір білдірген.

"Егерде дүниеден өтіп кетсе, барлығымыз білер едік. Көрген адамдар бар. Халі жақсы, қасында күзетшілерімен жүр" дейді қорым қарауылы.

Шамалғанда әкімшілікте істейтін бір адам келесідей мәліметпен бөлісіп:

"Назарбаев мұнда жаңа жылдан кейін келді. Германияда ота жасатқан, одан кейін Израильде емделген інісі Болаттың халін біліп қайтқан. Назарбаев сол күндері ауыл ақсақалдарымен кездескен. Кішігірім жиналыс өтті. Менің білуімше, содан кейін Елбасы және оның кейбір отбасы мүшелері брондалған автокөліктерімен қырғыз шекарасына қарай бет алды.

Қырғыз ағайындар қарсы алып, әуежайға жеткізіп, сол жерден барлығы Араб Әмірліктеріне ұшып кетті.


Жапаров Назарбаевты құтқарып қалды. 2010 жылы сол тұстағы Қырғыз басшысы Бәкиев елден қашқанда, оған алдымен Назарбаев жәрдемдескен еді» деп көптің көкейінде жүрген күмәнді сейілткендей болыпты.

 

Ресейлік журналистпен тілдескен тағы бір тұрғын Болат Назарбаевтың үйіне ұры түскені туралы ақпаратты жоққа шығарыпты.

"Митинг басталған тұста Болаттың үлкен қызы үйімізді тонап кетті деп көршілерге мұңын шағыпты. Кейін бұл ақпарат ауылдан асып, Алматыға тарап кетті. Бұл үйді кім тонауы мүмкін деп таңғалысқан едік. Себебі тұс-тұсы камера, қару асынған қарауылдары қаншама. Сөйтсек өтірік айтыпты», – дейді ол.

...

Рас, Назарбаев үшін БАӘ бөтен ел емес. Жылына бірнеше рет, осы жылы мекенге сапарлайды. Өткен жылдың 28 қазанында Абу-Дабиге келген кезде,  Елбасы тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесіп,  ханзадаға "Ядролық қарусыз әлем үшін" сыйлығын тапсырған еді.

[caption id="attachment_72716" align="alignnone" width="835"] Шамалғандағы Абу-Даби көлік жуу кешені[/caption]

Демек бұл Нұрсұлтан мен тақ мұрагері арасында жылы қарым-қатынас қалыптасқанын көрсетсе керек.

Назарбаев кланының ақшасы БАӘ-де сақталатыны туралы ақпарат та негізсіз емес. Әмірліктерде отбасы мен жақын серіктестерінің элиталық жылжымайтын мүлкі де осы мемлекетте.

Сондай-ақ кіші қызы Әлияға тиесілі виллалар да бар.



Ал Шамалған тұрғындары Назарбаевтың ұшты-күйлі жоғалғанымен шаруасы жоқ секілді. Әулеттің тағдырына да уайымдап отырғанға ұқсамайды. Ресейлік тілшімен тілдескен тұрғындардың басым көпшілігі ең бастысы бейбіт митингке шыққан халықтың талабы орындалғаны маңызды екенін айтқан.

...

Десе де Назарбаевтың шетел асқаны әлі анық емес. Ал әулет мүшелерінің көпшілігі Дубайды паналағанға ұқсайды. Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның әлемжелідегі соңғы жазбасын оқыған оқырмандар оның Араб Әмірлігінде жүргенін аңғарып қойған.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар