Назарбаев мұрасы, Тоқаевтың түйсігі және Байбектің қулығы - Сарапшылар праймериз туралы айтты

Dalanews 14 қаз. 2020 10:04 802

Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан праймериз дегеніміз партия ішіндегі сайлау. Әрине, партияішілік сайлау бұрын-соңды тәуелсіз Қазақстанда болып көрмеген.

Сондықтан оның көп үшін таңсық әрі түсініксіз болып жатуы заңды. Дегенмен, біз сөзге тартқан саясаттанушылар мен мамандар, оның  Қазақстанның саяси және партиялық дамуы үшін аса қажет тетік екенін баса айтады. Бұл, тіпті қазіргі Беларусь еліндегі саяси жағдайлардың бізде қайталанбауы үшін де керек екен. Нақтырақ айтқанда, сарапшылар пікірінше, бұл күшке салудың, сайлаудың арты шиеленіске ұласпаудың алдын алу, ең бастысы, қажет кезде саяси көшбасшыны, кез келген саясаткерді ың-шыңсыз, заңды түрде алмастыру тетігінің пайда болуы десе де болады...

Қазақстанда саяси реформа қажеттігін осыған дейін биліктен тыс өкілдер айтып келсе, кейінгі кездері мұны биліктің өзі де мойындауға мәжбүр болған. Мойындап қана қоймай, оны шындап қолға ала бастаған.


- Бұған соңғы Президенттік сайлау дәлел. Содан кейін, бірден бұл бағытта шын өзгерістер белең ала бастады, праймериз – соның бір көрінісі, бұл –  жақсы нышан, - дейді бүгіндері мұхиттың арғы жағында тұратын саясаттанушы Уәлихан Төлешов.

Ал қазір еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан праймеризге тікелей қатысып, оған бақылаушы ретінде тартылған саясаттанушы Ерлан Сайыров бұл - бүгінгі күннің талабы, дүниежүзілік сипаттағы процестерге ілесуде еліміздегі саяси мәдениеттің жаңаша қалыптасуының негізі екенін айтады.

Партияішілік сайлаудың мақсаты мен міндеті


- Дүниежүзінде мемлекет институының демократиялық құндылық, теңдік тұрғысында дұрыс жауап бере алмауына байланысты АҚШ-та, Еуропада мемлекет институтының жаңа тұрпатына деген қажеттілік өсіп, өзекті мәселеге айналуда. Сонымен бірге көрші Ресейде, Беларусь елінде де қазір демократия, адам құқығы үшін билік пен халық арасында теке-тірес болып жатыр. Осы дүниежүзілік процестер Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Қазірдің өзінде, қарап отырсаңыз, біздің қоғамда демократияға, пікірлер плюрализміне деген сұраныс өршіп тұр. Кез келген адам әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық мәселелерін өзі алға тартып, мемлекеттік басқару ісіне араласқысы келеді әрі бұл заңды құбылыс. Өкінішке орай, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде саяси-қоғамдық процестер кенжелеп қалды. Осы жағынан алғанда, жаңадан түрен салған праймериз тетігі осындай ниеттегі адамдарды мемлекеттік басқаруға ат салысып, өз күш-жігерін сынауға мүмкіндік беретін жаңашыл өзгеріс, - дейді саясаясаттанушы Ерлан Сайыров.

Жалпы, саясаттанушылардың толыққанды пікірін алға тартпастан бұрын, алдымен  праймериздің басты мақсаты мен міндетін айқындай кетелік.

Ең бастысы, билік саяси реформаны өз партиясы - Nur Otan-нан бастауды жөн деп тапты. Соның негізінде Nur Otan партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Қаулыға сәйкес, праймериздің міндеті – «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру, елді дамыту мәселелерін талқылауға көпшілікті жұмылдыру, аймақтардағы жүйелі жұмыс үшін өзекті мәселелерді анықтау, сондай-ақ, кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыру. Ал праймериздің негізгі мақсаты партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Міне, осы міндет пен мақсатты жүзеге асыру үшін республикамыз бойынша Nur Otan партиясының праймеризі 17 тамызда тізгін қақты. Оған сайлау құқығы бар кез келген қазақстандық үміткер бола алатындығы, оның партия мүшесі болуы міндетті екені, болмаса оған тіркелу қажеттігі айтылды. Ал оған дейін үміткерлер 15 маусымнан бері екі ай көлемінде арнайы оқыту дәрістерінен өтті. Барлық кезеңдерді Партиялық бақылау комитеті бақылайды. Ең бастысы, заңнамалық өзгерістерге сәйкес, партиялық тізімдерде кемінде 30% әйелдер және 20%-ы 35 жасқа дейінгі жастар ұсынылуы міндеттелді. (Жалпы, праймеризді өткізу ережелерімен толық танысқысы келетіндер, мына сілтеме арқылы оны оқып-біле алады)(https://nurotan.kz/primaryze?lang=kz).

Міне, осындай өзіндік ережелерін жариялаған партиялық праймеризге бүгіндері бүкіл еліміз бойынша 11 мыңнан аса адам қатысуда екен. Мұны саясаттанушы Ерлан Сайыров растайды.


- Праймеризге деген қызығушылық өте жоғары. Оған 11 мыңнан аса адам қатысып жатыр. Қызығушылықтың артуының себебі, бізде бұған дейін мұндай мүмкіндік болмаған. Өкінішке орай, 30 жыл ішінде саяси тұрақтылықты қалыптастырамыз деп қоғамдық-саяси процестен шеттеліп қалдық. Соның салдарынан аудандық, облыстық, орталық деңгейде өз ойын еркін білдіре алатын, өзіндік азаматтық позициясы бар азаматтарға сұраныс артты. Оларды біз бүгінгі таңда саяси аренаға алып шығуымыз керек, онсыз елімізде әлеуметтік-экономикалық даму, саяси тұрғыда алға жылжу болмайды, халыққа өз тағдырын өзі шешетіндей саяси тетіктер жасауымыз керек, сол кезде біздің елімізде саяси тепе-теңдік болады.

Праймериз – іріктеуден өтпегендер үшін келесі сайлауға жолдама


Расында, Қазақстанның саяси өміріне қозғау салған бұл шара, ең алдымен жастар үшін тартымды. Оның себебін Сайыров праймериздің үш ерекшелігімен байланыстырады:

  • Біріншіден, ол  дегініміз елімізде саяси мәдениетті қалыптастыру, екіншіден, «партиялық лифтіні» қамтамасыз ету, үшіншісі креативті, яғни өзге тұрпаттағы саясаткерлерді саясат алаңына шығару.


Міне, бұл үш фактор да, саясаттанушының айтуынша, саяси процестердегі шектеуге байланысты осы күнге дейін Қазақстан жастарына жасалып келген әділетсіздікті белгілі бір деңгейде жоюға мүмкіндік береді.

- Мәселен, бүгіндері Қазақстанда әр деңгейдегі 210 мәслихат болатын болса, оның 3335 депутаты бар, бірақ солардың тек 2% ғана жастар. Қазақстанда бүгінгі таңда 18 млн 800 мың халық тұрады, оның 27 пайызы – жастар. Міне, осы көрсеткіштерді салыстыруда Қазақстандағы жастарға қатысты сұрапыл әділетсіздік орнап отырғанын байқауға болады. Осы мәселені жою үшін де праймериз өзекті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық кеңеске ұсынған саяси пакеттер ішінде саяси партиялар құрамындағы жастар 30 пайыздан кем болмауы керек деген талабы бар. Міне, Мемлекет басшысының осы талабын орындауда да бұл нәрсе маңызды. Осы принципте саяси партияны қайта жаңғыртсақ, сонда саясатқа жаңаша ойлайтын жаңаша тұрпаттағы жастар келеді. Бүгінгі таңдағы саяси процестің күнтәртібі де осы. Осы жағынан алғанда, Nur Otan праймеризі – жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға барлық негізді тудыра алады деп есептеймін, - дейді Сайыров.

Биылғы жылдағы тағы бір ерекшеліктің праймеризден өтпей қалған адамдарға тікелей қатысы бар екен. Партияішілік сайлаумен саяси реформа аяқталмайтыны анық. Ол жергілікті өзін-өзі басқарудан бастап орталық  деңгейдегіні де қамтиды. Сондықтан праймеризді келесі бір сайлауға жолдама деп қабылдауға болады екен.

- Праймериз іріктеуінен өтпей қалған адам еш ұтылмайды. Өйткені ол праймериз кезінде үлкен саяси мектептен өтеді. Алдымызда келе жатқан Мәжіліс мәслихаты сайлауынан кейін жергілікті жерлерде әкімдердің сайлауы басталады, одан кейін жергілікті өзін-өзі басқару туралы дайын тұрған концепция қабылданып кететін болса, онда аудандық деңгейде де әкімдер сайлауы өтуі мүмкін. Сондықтан праймеризге қатыстып жатқан азаматтар өздерінің саяси мәдениетін өсіріп, болашақтағы осы секілді саяси додаларда бақ сынауға мүмкіндік алу үшін қомақты тәжірибе жинақтап шығады, - дейді Ерлан Сайыров.

Nur Otan саяси монополияға айналуы мүмкін бе?


Биыл маусым айында Nur Otan жақтастарының лигасы құрылды. «Бұл - Nur Otan партиясын саяси монополияға айналуының белгісі» деген қоғамда кейбір сыни пікірлер білдірілді.  Бұл ретте сарапшылар пікірі төмендегідей өрбиді:

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

  • Nur Otan партиясының жақтастар лигасы - саяси центристік ұйым. Бұл ұйымның негізгі мақсаты біздің еліміздің саяси-қоғамдық процестерді эволюциялық тұрғыда дамыту. Ол үшін саяси процестерді либерализациялауға басымдық беріледі. Сонда ғана біз халықтың көпшілігінің еліміздегі саяси процестерге араласуына жағдай тудыра аламыз. Бүгін, міне ауылдардың әкімдері тікелей сайланатын болып жатыр, өзін-өзін басқарудың жаңа концепциясы қабылданғалы жатыр, сонымен бірге биылғы праймеризге 11 мыңнан астам адам қатысуда, осының барлығы біздің еліміздегі саяси процестердің жаңа тұрпатта бет алып келе жатқандығын көрсетеді. Біздің лиганың, ең негізгі принципі де осы.


Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

-  Барлық жерде, әр нәрседе көптің салмағы бар. Осы жағынан алғанда, праймериздің еліміздегі ірі әрі 800 мыңнан аса мүшесі бар Nur Otan-нан басталуы – орынды. Қазір басқа партиялар соларға қарап әліптің артын бағып отыр, меніңше, оң-солын екшеп алған соң олар да өз ішінде праймериз өткізіп, жаңалануға тырысады. Бұл бағытта, әзірге шалт өзгерістерді байқап отырғаным жоқ, дегенмен қызғушылық жоқ емес, бар. Сондай-ақ партия алаңын либераландыру бойынша заңға өзгерістер енгізу қолға алынған, осының өзі еліміздегі партияларға жан бітіріп, қозғау салуда. Бастысы, праймериз - партия ішін жаңалаудың, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың, саяси тұлғаға объективті баға берудің құралы. Енді сол арқылы саясаткерлерге баға бере аламыз. Бұрын бізде мұндай тетік болған емес. Мұндайда ілініп-салынып жүре беретін, бар-жоғы білінбейтін саясаткерлер деген болмайды. Тіпті, қазір «монополияға айналуы мүмкін» деп қауіптенген Nur Otan партиясы, ертең өз ішінде фракцияларға, тағы бір топтарға бөлініп жатса, оған таң қалмаймын. Өйткені бұл қазіргіден мүлдем басқа нәрсе, атап айтқанда, ол - елімізді социал-демократиялық либеральды жолмен дамудың даңғыл жолына түсуіне итермелейтін алып күштің тетігі. Сондықтан оған қауіптеніп қарауға негіз жоқ деп санаймын.

"Nur Otan-ға" жаңа мүшелер қабылдау неге аяқ-астынан тоқтатылды?


Әрине, кез келген нәрсенің ың-шыңсыз жүзеге аса қоюы екіталай. Әсіресе, таптауырын принцип пен жаттанды әдетке бой алдырған біздің саяси жүйеде. Мәселен, кеше ғана "Nur Otan" партиясына жаңа мүшелер қабылдау уақытша тоқтатылғаны жарияланды. Өйткені праймериз кезінде кейбір бассыздықтарға жол берілген. Атап айтқанда, бұрынғы әуенге салып, партияға мәжбүрлеп мүшелікке өткізу немесе иісі мұрнына да бармайтын жастарды осы шараға тықпалау деген секілді. Мұны "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өзі де мойындайды. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында былай деп жазды:

"Бүгін Праймериз өткізу жөніндегі Орталық ұйымдастыру комитетінің отырысында "Nur Otan" партиясына жаңа мүшелер қабылдауды биылғы 11 қыркүйектен 4 қазанға дейінгі аралықта, яғни дауыс беру аяқталғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.Соңғы кезде бізге жекелеген азаматтардан "өз" кандидаттарына дауыс бергізу мақсатында партияға мәжбүрлеп кіргізу туралы "арыздар" түсуде. Бұған мүлдем жол беруге болмайды деп есептеймін. Мұндай әрбір фактіні түрлі деңгейдегі партиялық бақылау комиссиясы жан-жақты қарайтын болады".

Демек, праймериз кезінде партияға жаңа мүшелер қабылдау уақытша тоқтатылып, оның әділ жүзеге асырылуына партиялық деңгейде үлкен мән беріліп жатыр деген сөз бұл. Дәлірек айтқанда, өзіне жүктелген бұл жауапты істің қалтқысыз атқарылуына Бауыржан Байбектің өзі де өте мүдделі. Оған осы шара үлкен саяси ұпай әперетінін ол жақсы біліп отыр. Дегенмен бұл енді өзге мәселе талқысы. Праймериз маңайындағы былыққа қайта оралсақ.

Саясаттанушы Уәлихан Төлешов праймериз төңірегінде мұндай нәрселердің орын алып жатқандығы уақытша құбылыс деп есептейді.

- Праймериз – біздегі авторитарлық қатаң жүйенің авторитарлық жұмсақ жүйеге өтуінің бір тетігі. Бұған бізді уақыттың өзі алып келді. Онсыз болмайтындығын Украинадан бастап, кешегі Беларусь еліндегі жағдай көрсетіп берді. Енді созбалауға уақыт та, жағдай да жоқ. Билік осыны ақыры түсініп, мойындады. Оны қолға да алды. Сондықтан, маман ретінде мұның өзін жақсы нышанға балаймын. Бұл бағыттың өзі дұрыс, ал жүзеге асырылудағы олқылықтар жүре келе түзелуі тиіс. Қазақ: «Көш жүре түзеледі» деп бекер айтпаған ғой. Әрине, Назарбаевтың саяси мұрасы өте күшті, оған қозғау салу – қиынның қиыны. Әрдайым түрлі кедергі енді алдыдан шығып отырады. Бірақ оған бола қол жайып жіберудің қажеті жоқ. Әсіресе, қазіргі саяси өтпелі кезеңде. Иә, біз өтпелі кезеңнің саяси тетіктерін құрып жатырмыз. Билікке келген Тоқаевтың да атқаруы тиіс басты ісі осы. Оның міндеті – жан-жақты саяси реформаларды жүзеге асыру. Ол аз-аздан, там-тұмдап мұны қолға алып жатыр. Бірден белге басуға болмайтынын Тоқаев та жақсы түсініп отыр, дегенмен ол консервативті реформатор, ақырындап болса да ол кадрларды өзгертіп, кәрісін жасына алмастыруда. Сырттай ұсақ-түйек болып көрінгенімен, әрине, оның бәрі оңайға түсуде деп айта алмаймын. Мәселен, саяси тұтқындар көрсеткіші бұрынғыға қарағанда 50 процентке қысқарды. Әрине, саяси қудалау әлі бар елімізде, бірақ бұрынғы арын жоқ. Ол да болсын, кәдімгідей өзгеріс, - дейді ол.

Төлешов партияішілік сайлаудың болашақтағы Қазақстанның саяси жүйесіне үлкен өзгеріс әкелетінін, ол сонысымен де құнды екенін баса айтады.

- Жалпы, праймериз деген партияішілік бәсекелестікті танытады. Партия ішіндегі бақталастықта жеңіске жеткендер ғана партия басшылығына барады. Мұндайда, тіпті партия төрағасы орнына кез келген партия мүшесі өз үміткерлігін ұсынып, барлығы тең бақталастыққа түсе алады. Бұл өте дұрыс нәрсе, сонда партия көшбасшысын ешкім тағайындамайды, ол өзі суырылып, бүкіл бақталасын жеңіп, алға шығуы тиіс болады. Көптеген дамыған елдерде ол солайынан жүзеге асады. Мәселен, қазір праймериз жергілікті атқарушы билік төңірегінде қолға алынса, келесі жолы ол мәслихаттың, одан соң орталық деңгейдегі сайлауларда қолданылып, еліміздің саяси өміріне қан жүгіртеді. Бір сөзбен айтқанда, ол Назарбаев толыққанды биліктен кету туралы шешім қабылдағанда орталық деңгейде қолдануға сақадай-сай саяси тетік болуы тиіс қой. Ол сонысымен де құнды, - дейді саясаттанушы.

Кәмшат СӘТИЕВА


 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар