Назарбаев Әнұран авторлығынан алынуы керек - сарапшы

Сағыныш Сардарова 04 мау. 2024 15:56 3366

Геральдист Айдын Рысбекұлы Әнұран авторлығынан Назарбаевтың аты-жөнін алып тастау керек деген пікірде, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Әнұран дегенге жеке басым қарсымын. Ол елұран болуы керек. Әннің ұраны болмайды. Елдің ұраны болады. Елдің таңбасы болады деген сықылды. Әнұран деп жүрміз ғой, мұның қалай жазылғаны, қандай мақсатта жазылғаны - оның барлығы қазір айтылып жатыр. Музыка мамандарының айтуына қарағанда, бұл марш әуенімен жазылған.

Бізде елұран деген адамды жігерлендіретін, еліне деген патриоттық сезімін оятатын, уытты, энергетикалық өрісі өте жоғары (болуы керек - еск.), адам тыңдағанда қанаттанып, көзі шырағдандай жанып, ішіндегі еліне-жеріне деген сезім атойлап шығуы керек. Бұл әнұран жеңіл. Бұрынғы әнұран болса, оның әуенін кәсіби композитор жазған, Мұқан Төлебаев. Ол әнұранның мәтіні өте жақсы. Бірақ ол Әнұран советтік стильде жазылған. Соның идеологиясымен жазылған", - деді Айдын Рысбекұлы "Халық үніне" берген сұхбатында.

Сонымен қатар, сарапшы Әнұран авторларының ішінен Назарбаевтың атын алып тастау керек деген пікірде.

"Міндетті түрде алынуы керек. Ол кісі қосалқы автор болып тіркелді ғой. Оның негізгі авторлары о дүниелік болып кеткен. Қазір көзі жоқ. Сондықтан ол кісіні міндетті түрде қосалқы авторлықтан алу керек", - дейді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар