Назарбаев: Алматы облысы – бәріне үлгі

Dalanews 11 мам. 2018 04:19 833

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша отандық журналистер үшін брифинг өткізді.

– Менің тапсырмаларымның бәрі облыста толық орындалуда. Бұл өңірдегі жұмыстардың бастамасы жақсы деп санаймын. Үш жылда 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тек былтырдың өзінде 35 мектеп салынды, – деді Елбасы.



Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Бес әлеуметтік бастаманың» өңірдегі іске асырылу барысына оң баға беріп, облыстың туристік әлеуетін дамыту қажеттігі туралы айтты.

– Жұмыс сапарым барысында Алакөлге барып, оның туристік кластерімен таныстым. Барша қазақстандықтарға бізде тамаша демалыс орны бар екенін айтқым келеді. Бұл жер осыған дейін игерілмеген болатын. Оның инфрақұрылымы да, қонақ үйлері де болмаған еді.
Бүгінде бұл өңірде бизнес өкілдері белсенді түрде жұмыс істеуде.

Көлдің жағасында әлемдік стандарттарға сай келетін бес жұлдызды қонақ үй салынды, – деді Елбасы.



Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімеледі.

– Мемлекет керемет жайлы «Алматы – Талдықорған» жолын салып берді. Бұл Алакөл арқылы Шығыс Қазақстанға апаратын өтпелі жол болады. Жол салудың арқасында көп жұмыс орны ашылады, – деді Мемлекет басшысы.



Сондай-ақ, Елбасы өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері оң қарқын алып отырғанын атап өтіп, облыстың даму барысына тоқталды.

– Алматы облысы, әсіресе аграрлық салада, бәріне үлгі болып отыр.
Өңір экономикасы 4,2 пайызға өсті, бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен жоғары.

Ауыл шаруашылығы мен құрылыс салалары өркендеп, іске қосылған әлеуметтік нысандар көбейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті облыс басшылығы тарапынан ерекше назар аударуды қажет ететін міндеттерге тоқталды.

– Облыстың бүкіл экономикасы 3-4 ауданда шоғырланған. Оның өзі тек өнеркәсіпті қамтиды. Осы аудандар өңір экономикасының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Басқа аудандар баяу дамуда, осы мәселеге назар аудару керек, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секторын дамыту қажеттігі жөнінде айтты.





 

Суреттер: akorda.kz сайтынан алынды


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар