Риддерліктер Ұлыстың ұлы күні ұлан-асыр той жасады.
Республика алаңындағы мерекелік шаралар таң бозынан басталып, кешкі концертпен жалғасын тапты. Кеште риддерліктерге жасалған керемет сый – туған өлке жайлы әсем ән, деп хабарлайды Dalanews.kz Altainews.kz ке сілтеме жасап.
Ән авторы – облысқа танымал әнші Асқар Ысқақ. Ол өз атынан және қала басшылығы атынан риддерліктерге «Риддерім» әнін паш етті.
Айта кетейік, мерекелік кешке қазақ эстрада жұлдыздары шақыртылды.
Кеште «Наз қоңыр» дуэті, «Экстази» шоу-балеті, эстрада әншісі Ерлан Асанов өнер көрсетті.
Риддерліктерді "Super star KZ" музыкалық жобасының финалисі, «Шапағат» орденінің кавалері Олег Никитин құттықтай келіп, домбыраның сүйемелдеуіндегі әсем әндерімен тербеді.
Сондай-ақ, ерекше вокалымен елді сүйсінтіп жүрген Диана Шарапова кештің көркін қыздырды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп жүрген эстрада жұлдызы Риддерге алғаш рет келген.
Кешті жастардың сүйікті әншісі, қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Ұланғасыр Қами қорытындылады.
Мереке соңы отшашумен аяқталды.