Дания, Финляндия, Франция, Германия, Нидерланд, Норвегия, Швеция және Ұлыбритания Дания мен Гренландияға қатысты ортақ мәлімдеме жасап, олардың егемендігі мен аумақтық тұтастығын толық қолдайтынын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Швеция үкіметінің сайтында жарияланған құжатта тараптар диалогқа дайын екенін, алайда оның тек егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарын сақтай отырып жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
«Біз толық қолдайтын егемендік пен аумақтық тұтастық принциптеріне негізделген диалогқа қатысуға дайынбыз», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ құжатта АҚШ тарапынан баж салығын енгізу жөніндегі қауіптер трансатлантикалық қатынастарға нұқсан келтіретіні айтылып, аталған елдер мұндай жағдайға бірлескен әрі үйлестірілген жауап беруге дайын екендерін жеткізген.
Мәлімдеме Батыс елдері арасындағы бірлікті көрсетуге және Гренландия төңірегіндегі геосаяси шиеленіс аясында Данияның ұстанымын нығайтуға бағытталған.
