Нарынқол картобы нарыққа қайта орала ма? Райымбекте ірі агрожоба іске қосылды

Нарынқол картобы нарыққа қайта орала ма? Райымбекте ірі агрожоба іске қосылды
Фото: Shutterstock

Бір кездері күллі республикаға дәмді картобымен танылып, арқар-меринос қойымен аты озған Нарынқол өңірі өзінің байырғы аграрлық брендтерін қайта тірілтпекЖақында Алматы облысының Райымбек ауданында өткен ауыл шаруашылығы форумында дәл осы мәселе басты тақырыпқа айналды. Жиында Нарынқол картобын өнеркәсіптік деңгейде қайта түлетудің нақты жобалары таныстырылып, шаруалар алғашқы серпінді нәтижелерін бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев ауданның 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған агрофорумның басты мақсаты ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту екенін жеткізді. Шара барысында ол су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне тоқталды.

"Біз су үнемдеу технологияларын 5 мың гектар жерге енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 2,5 мың гектар алқапта осы технология қолданылып жатыр. Сонымен бірге дрон арқылы минералды тыңайтқыш беру бағытындағы жобаларға да шаруалар қызығушылық танытуда", – деді ол.

Әкімнің сөзінше, Райымбек ауданының тыныс-тіршілігінің шамамен 90 пайызы ауыл шаруашылығымен байланысты.

"Қазіргі таңда ауданымызда 68 мың бас ірі қара, 50 мыңға жуық жылқы және 268 мыңға жуық қой өсіріліп жатыр. Сондықтан мал шаруашылығын дамыту біз үшін басты бағыттардың бірі болып қала береді", – деді Дастан Құдабаев.


Құдабаевтың мәліметінше, ауданның жалпы жер көлемі 710 мың гектарды құрайды. Оның 445 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, 40 мың гектары егістік алқаптар.

"Жайылым мәселесі бізде аса өзекті емес. Шаруалар жермен толық қамтылған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетіліп жатқан қолдау да жеткілікті. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға барлық мүмкіндік бар", – деді аудан әкімі.

Форумда белгілі болғандай, бүгінде ауданда картоп өндірісін қайта жандандыру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе су үнемдеу технологиялары мен жоғары өнімді тұқымдарды пайдалану арқылы өнім көлемін арттыру көзделген. Өңірде картоп өсірумен айналысатын шаруашылықтар кейінгі жылдары тамшылатып суару технологиясын енгізіп, өнімділікті арттыруға күш салып келеді.

“Алтын Дән” өндірістік кооперативінің төрағасы Дулат Мамыровтың сөзінше, 2022 жылы сегіз шаруа қожалығының бірігуімен құрылған кооператив те мемлекеттік қолдау аясында техника сатып алып, кейін су үнемдеу технологияларын енгізген.

“Алматы облысында жаңбырлатып суару жүйесіне берілетін 80 пайыздық субсидияның арқасында осы жобаны жүзеге асырдық. Қазір мұнда картоп, арпа, бидай және жоңышқа өсіріліп жатыр. Ең бастысы – 250 гектар жерге PepsiCo компаниясының чипсы өндіруге арналған арнайы картоп сорттарын ектік”, – деді ол.

Кооператив басшысының айтуынша, халықаралық компаниямен арнайы келісімшарт жасалған. Компания агрономдары егістікті тұрақты бақылап, өндіріс технологиясының сақталуын қадағалап отыр.

Шаруалардың жоспары бойынша бір гектардан орта есеппен 27-30 тонна өнім алынады. Бұл көрсеткішке қол жеткізілсе, күзде 6-7 мың тоннаға дейін картоп жиналмақ.

“Былтыр тәжірибелік кезеңнен өттік. Биыл толыққанды серіктестікке көштік. Егер бәрі жоспар бойынша жүзеге асса, Нарынқол картобынан өндірілген өнімдер қазақстандық нарыққа 2027 жылдан бастап шыға бастайды”, – деді Дулат Мамыров.

Форум барысында ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Райымбек және Кеген аудандарының Құрметті азаматы Босатқан Ұлдарбеков те сөз сөйледі. Ол Нарынқол өңірінің кезінде картоп шаруашылығымен бүкіл республикаға танылғанын еске алды.

Оның айтуынша, өткен ғасырдың соңына дейін өңірде төрт ірі картоп шаруашылығы жұмыс істеп, шамамен 3 мың гектар жерге картоп егілген. Соның нәтижесінде жыл сайын 60 мың тоннаға дейін өнім өндіріліп, Алматы қаласы жергілікті картоппен қамтамасыз етілген.

“Азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Бір кезде Нарынқол картобы Алматыны қамтамасыз етіп отырды. Кейін бұл жүйе әлсіреді. Бүгінгі форумның ерекшелігі – ғылым мен шаруашылықты қайта табыстырып отырғанында. Өйткені ғылымсыз шаруа – соқыр”, – деді ардагер.

Оның пікірінше, Нарынқолдың бұрынғы екі бренді – арқар-меринос қой шаруашылығы мен картоп өндірісін қайта жандандыруға толық мүмкіндік бар.

“Табиғи жағдай да, тәжірибе де, әлеует те жеткілікті. Ең бастысы – ғылым мен шаруаның байланысын күшейту керек. Сонда бұрынғы жетістіктерді қайта жаңғыртуға болады”, – деді Босатқан Ұлдарбеков.

Бүгінде Райымбек ауданында қолға алынған жаңа жобалар Нарынқол картобының бұрынғы беделін қайтаруға мүмкіндік беретіндей көрінеді. Кезінде Алматыны картоппен қамтыған өңір араға жылдар салып қайтадан ірі аграрлық орталыққа айналуға талпынып отыр. Ал алғашқы нәтижелер осы күзде белгілі болмақ.