Танымал әнші әрі ұстаз Нағима Есқалиева әріптесі Роза Рымбаеваның сахнадан кетуі мүмкін деген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналист Тимур Балымбетов сұхбат барысында одан Роза Рымбаеваның соңғы уақытта сахнамен қоштасу туралы жиі айтуының себебін сұраған.
Нағима Есқалиеваның пікірінше, Роза Рымбаева сахнадан біржола кете алмайды.
"Жынды ма ол? Ол қайда кетпекші? Пугачеваның өзі жүз рет кетіп, жүз рет келген. Ол немересімен ұзаққа отыра алмайды. Ол сахнасыз өмір сүре алмайды. Бұл – оның өмірі", – деді әнші.
Сондай-ақ Нағима Есқалиева Роза Рымбаеваны бірнеше рет ұстаздық етуге шақырғанын айтты.
"Мен оны қаншама мәрте ұстаздық етуге шақырғам. Бірақ ол келіспеді. Ол біздің академияда ұстаздық етсе, біраз студенттің бағын ашар еді. Өте керемет педагог болатын еді", – деді ол.
Айта кетейік, Роза Рымбаева өнердегі 50 жылдығына орай үлкен концерт өткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін әнші бұл кеш сахнадағы соңғы концерті болуы мүмкін екенін айтқан.