Митталдан моральдық және материалдық өтемақы талап етуіміз қажет - депутаты Сайыров

Dalanews 29 қаз. 2023 06:24 1358

Қарағанды облысында кезекті рет орын алған апат шарадай басты шақшадай етті. Костенко шахтасындағы оқиға қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырды.

Шахтадағы шырғалаңға қатысты Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров не дейді?

 – Ерлан Бияхметұлы, қауісіздікке салғырттық, менеджмент әлсіздігі Костенкодағы апатқа себеп. Шетелдік компания инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетті. Өзіңіз де бұған дейін Қазақстан билігі «АрселорМитталТеміртау»-ды жазалауда дәрменсіздік танытып отыр деп дабыл қаққан едіңіз...

Біріншіден, шахтада қаза тапқан барша кеншілердің жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бүгін шахтадағы бітпейтін шикіліктен кейін Президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бұл – оң шешім.

Себебі бүгінгі оқиға «АрселорМитталдың» жауапсыздықтың символы екенін тағы бір көрсетті. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясына тиесілі 8 шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылған.


Жалпы, бұған дейін де компанияға  бірнеше мәрте айыппұл салынып, қауіпсіздік талаптарының сақталмағанына қатысты сын тағылды. Бірнеше миллион доллар айыппұл салынғанмен бұл жағдай да дұрыс шешім таппады.

Қарағанды облысының Экология департаментінің оларға 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл арқалатқаны сабақ болмады. Сондықтан бұған дейін де мен халқымызды қойша қырған Митталдың бізге керек емес екенін айттым.

– Осы орайда елге келетін инвесторларға талапты күшейту, өндіріс саласындағы еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқығын қорғаудың жаңа әдісі қажет деп санамайсыз ба?

– Мұндай қайғылы жайттар 1995 жылдан бері байқалып келеді. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» жұмыс істеген жылдары кәсіпорында жүзден астам кенші мезгілсіз ажал құшқан. Сол себепті біз халықаралық еңбек және жұмысшыларды қорғау ұйымдары арқылы еліміз бен азаматтарымыз үшін моральдық және материалдық өтемақы талап етуіміз қажет! Миттал мырзаға бүкіл әлемде жария санкция беруді қамтамасыз етуіміз керек! Өндірістік қызмет тек жұмысшылардың қауіпсіздігін ғана емес, сонымен қатар кәсіпорынның жанында тұратын азаматтардың қауіпсіздігін де қамтиды.

Кәсіпорын қызметіндегі негізгі бұзушылықтар қатарында азаматтардың әл-ауқатына теріс әсер ететін шекті рұқсат етілген шығарындылар бойынша белгіленген нормативтерден асып кету де бар.

Жүздеген адам өліміне қарамастан, компания осы кезге дейін өз кәсіпорындарындағы өлім-жітім деңгейін төмендету бойынша пәрменді шара қолданбады, бұл корпорация менеджменті жайында теріс пікір қалыптастырады, олардың қазақстандықтарға немқұрайлылығын растайды.

Сол себепті алдағы уақытта елдегі инвесторларға деген талапты майшаммен қарау қажет.

Сондай-ақ, инвесторлардың өздерін де Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс.

– Өзіңіз білесіз, инвесторлармен жасасқан шарттар құпия. Бұл ретте ескі-жаңа келісімдерді қарауға депутаттар атсалыса ала ма?

Ақша табуға тырысатын компания басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен жұмысшылардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аудармай, жұмысшыларының басын тәуекелге тігіп жатады. Сондықтан бұл күрес ұлттық мүдде үшін маңызды, жоғарыда айтқанымдай, біз халақаралық  деңгейде құқықтық талап қоюмыз керек, ал келісімдерді қайта қарауды күн тәртібіне қоямыз.

Миттал Қазақстанға "кіру" үшін 100 млн доллар пара бірген. Толығырақ: https://t.me/dalainside/1552

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар