Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 15 қаңтарда өткен кеңесте шетелде жүрген еңбек мигранттарының құқығы бұзылуына қоғам алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, түрлі рейдтер барысында отандастарының құқығы тапталып жатыр, ал Сыртқы істер министрлігінің реакциясы көбіне ресми ноталармен ғана шектеліп келеді.
"Елшілер мен консулдар әрбір жағдай бойынша білікті заң көмегін көрсетіп, шетелдегі азаматтарымыздың құқығы мен мүддесін қорғауға міндетті", - деді Шавкат Мирзиёев.
Айта кетейік, Ресей Орталық Азия елдері, соның ішінде Өзбекстан азаматтары үшін еңбек миграциясының негізгі бағыты болып қала береді. Соған қарамастан, бұл елде құқық қорғау органдарының қатаң рейдтері деректері тіркеліп отыр.
Осы уақытқа дейін Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі мұндай жағдайларға негізінен Ресей тарапына ресми ноталар жолдаумен ғана шектелгені атап өтілді.
