Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков елорданың қалыптасу кезеңі туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ғалымның айтуынша, ол 2000 жылы арнайы шақыртумен Астанаға қоныс аударған. Содан бері қала құрылысының қалай қарқын алып, елорданың үлкен мегаполиске айналғанына куә болған.
Мырзатай Жолдасбеков бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің "Руханият" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берген сұхбатында айтты.
Академик елорданың алғашқы жылдарында сол жағалауда құрылыс атаулының аз болғанын еске алды. Оның сөзінше, сол кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет және қоғам қайраткерлерін жинап, болашақ Астананың даму жоспарын таныстырған.
"Сол жағалауда түк жоқ, жылан жалағандай еді. Сол жерде тұрып, Нұрекең "анау болады, мынау болады" деп бәрін жырдай қылып айтты. Ішімнен "мұның бәрін кім істейді, қашан болады?" деп ойладым. Ал қазір қарасаң, қала өсіп барады", – деді ол.
Мырзатай Жолдасбеков Астананың қазіргі келбетін үлкен еңбектің нәтижесі деп бағалады.
"Бұған дейін тас үй салғанды көрдік, зауыт салғанды көрдік. Бірақ қала салғанды, оның ішінде Астана салғанды көргеніміз жоқ. Сол жағалауда қазір күні-түні адам көп. Жастардың жүрген жері – ойын-күлкі, той. Бұл – жақсылықтың белгісі", – деді академик.
Ол ширек ғасырға жуық уақыт ішінде елорданың адам танымастай өзгеріп, елдің саяси әрі қоғамдық өмірінің басты орталықтарының біріне айналғанын атап өтті.