Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы қорындағы өзі жиған қаражатты алуға құқылы деп хабарлайды Dalanews.kz Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Министр болғаны үшін емес әрине, тәртіп солай. Ашып айтар болсақ, осы уақытқа дейін 6 млн 700 мың теңгені жинап үлгерсеңіз, үстіндегі қаржыны алып, өзіңіз жұмсай аласыз. Қазір елімізде бұл межеге жеткен 114 мың адам бар. Министрдің өзі сол тізімге енетін болып шықты.
40 жастағы азаматтың зейнетақы қорындағы салымын алу үшін, ол жерде кем дегенде 6 млн 700 мың теңге қаржысы болуы тиіс. Белгіленген сомадан асқаннан кейін ғана, азамат үстіндегі жиналған ақшасын алып, кәдеге жаратуға үміттене алады.
Үкімет қабырғасында өткен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлімдеді.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
"Айта кетуіміз керек, жинақтаушы зейнетақы қорында ел азаматтарының 10,4 млрд теңге жинағы, 10 млн-ға жуық зейнетақы есепшоттары бар. Бірақ, өкінішке орай, оның ішіндегі салымдардың тек 53%-нің жинақ сомасы 500 мың теңгеге дейін ғана. Қосымша 16% 500 мың теңгеден - 1 млн теңгеге дейін ғана.
Ал, салымшылардың қалған 15% 1-2 млн теңгенің төңірегінде ақша жинап үлгерген. Демек, зейнетақы қорына қарттыққа қаржы сақтап жатқан азаматтардың 84%-ің ақшасы 2 млн теңгеге де жетпейді.
Ал, министрдің өзі сол қордағы қаржыны алу бақытына ие болатын 114 мың адамның тізіміне кіретінін мәлімдеді.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
"Мен 2009 жылдан бастап осы Астанада жұмыс істеймін. Үлкен қызметтерде, жалақы жақсы болған. 114 мыңның ішіне кіремін".
Ведомство басшысының сөзінше, қазір жұмысшылардан жарнаны ұстап, ол қаржыны зейнетақы қорына аудармай жүрген 100 мыңнан астам кәсіпорын бар екен. Олардың қордаланған қарызы 3 млрд теңгеге жуық. Жақын арада министрлік сол ақшаны өндіріп алудың қамына кіріспек.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
"Өкінішке орай, бүгінгі күннің өзінде 100 мыңға жуық кәсіпорындар біздің азаматтың, жұмысшының жалақысынан 10% жарнаны ұстап, бірақ, жинақтаушы қорға аудармай отыр. 2,7 млрд теңге қарыздар бар".
https://youtu.be/J6wfHrSw9_I