Парақорлық, жемқорлық дегеніміз - дерт. Бұл аурудан арылу қажет.
Министрдің орынбасары ұсталса, министр де жауапқа тартылу керек деп жүргендер бар. Өз басым мұнымен мүлде келіспеймін
- деді ұсталған Су комитетінің төрағасына қатысты ойын ортаға салған Омаров.
Министр мемлекеттік қызметкерлер саяси салада жұмыс істейтінін жақсы білетінін атап өтіп, оның ішінде өз орынбасарлары жұмысқа тұрар алдында мемлекеттік тексеруден өткенін тілге тиек етті.
"Ол (Ислам Әбішев) бұған біліп барды ғой. Жанында еріп, қолынан жетектеп жүрсем бір жөн.
Біздің министрлікте коррупцияға қарсы барлық амал-шарғы жасалған.
Жаңағы жағдайдан кейін министрлікке қарасты комитет қызметкерлерінің басын қосып жиын-шара өткіздік. Түсіндіру жұмысын жүргіздік. Орынбасарларым әр апта сайын есеп беріп жүр" деп сендірді сала басшысы.
Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев бопсалау арқылы 60 млн теңге пара алды деп күдікке ілінген.
16 наурызда Әбішевке қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, қамауға алынған. Тергеу жалғасуда.