Микроқаржы ұйымдарында халықтың төлей алмай жүрген несиелерінің көлемі артқан

Кәмшат Тілеухан 19 ақп. 2025 15:35 618

2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздегі микоқаржы ұйымдары берген несиелер бойынша мерзімі өткен берешектер көлемі 296 млрд теңгеге жеткен,деп жазады Dalanews.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарында микроқаржы ұйымдарының кредиттік портфелі 1,55 трлн теңгені құрады. Бір айда оның көлемі аздап, яғни 1,97%-ға өсті. Негізгі үлес жеке тұлғаларға берілген шағын несиелер құрайды, шамамен 1,3 трлн теңге (2024 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда +2,4%). Одан кейін жеке кәсіпкерлікке берілген несиелер тұр: 197,1 млрд теңге (+4,4%). Үштікті заңды тұлғалар түйіндейді:  44,9 млрд теңге (+6,1%).

Сонымен қатар, несие портфеліндегі мерзімі өткен несиелер көлемі бір айда 3%-ға, яғни 295,9 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Ең үлкен өсім   1-ден 30 күнге дейін кешіктіргендер құрайды: 18,3%  немесе 100,8 млрд теңге. Сондай-ақ, NPL мөлшері 61-ден 90 күнге дейін кешіктергендер 9,05%-ға (шамамен 47 млрд теңге) өсті. 90 күннен асатын мерзімі өткен берешек несиелерге келетін болсақ, мұнда 4,7%-ға немесе 102,3 млрд теңгеге дейін төмендеу болыпты. Сол секілді NPL мөлшері 31-ден  60 күнге дейінгілері 11,2%-ға,  яғни 45,8 млрд теңгеге дейін азайды.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарында 90 күннен астам мерзімі өткен микроқарыздар бойынша провизия мөлшері шамалы ұлғайды: 87,4-тен 87,9 млрд теңгеге дейін (+0,57%).

Бұған дейін сайтымызда "Халықтың төлей алмай жүрген Kaspi Bank алдындағы несиелер көлемі 291,6 млрд теңгеге жетті" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар