«60 сағатпен өмір сүру мүмкін емес»: Мәжілісте ымдау тілін ресми мойындау талап етілді

«60 сағатпен өмір сүру мүмкін емес»: Мәжілісте ымдау тілін ресми мойындау талап етілді
Freepic

Қазақстанда ымдау тілін заң деңгейінде толыққанды тіл ретінде мойындау ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова елдегі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтардың құқықтары әлі күнге дейін толық қорғалмай отырғанын мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанда есту және сөйлеу қабілетінде бұзылысы бар 30 мыңнан астам адам тұрады. Оның шамамен 5 мыңы балалар.

«Олар үшін ымдау тілі жай ғана қарым қатынас құралы емес. Бұл олардың әлеммен байланысы. Бұл олардың тілі. Бірақ Қазақстанда ымдау тілі әлі күнге дейін заң жүзінде мойындалмаған. Соның салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмысқа, мемлекеттік қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр. Бұл тең мүмкіндік мәселесі», - деді Смолякова Мәжіліс отырысында.

Оның сөзінше, қазіргі әлеуметтік кодексте ымдау тілі тұлғааралық қарым қатынас тілі ретінде танылмаған.

«Бізде ымдау тілі дербес тіл ретінде емес, тек сурдоаударма аясында ғана қарастырылады. Бұл үлкен мәселе. Адам өз тілінде ақпарат алып, еркін өмір сүре алуы керек», - деді депутат.

Смолякова тағы бір өткір мәселе ретінде сурдоаудармаға бөлінетін уақыт лимитін атады.

Қазір Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына небәрі 60 сағат сурдоаударма қызметі беріледі.

«60 сағат бір жылға жетпейді. Тіпті күнделікті өмірге де жетпейді. Адам ауруханаға баруы керек, мемлекеттік қызмет алуы керек, оқуы, жұмыс істеуі, қоғамда өмір сүруі керек. Ал біз соның бәріне жылына 60 сағат қана бөліп отырмыз», - деп ашуланды депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, ақпараттық қолжетімділік мәселесі де өте өзекті болып отыр.

Қазір телеарналар сурдоаударма немесе субтитрмен тек жаңалық бағдарламаларын ғана көрсетуге міндетті. Ал көптеген подкаст, сұхбат, деректі фильмдер, театрлар мен музейлер есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін қолжетімсіз күйде қалып отыр.

Осыған байланысты Екатерина Смолякова Үкіметке бірнеше нақты талап қойды.

Атап айтқанда, ымдау тілін заңнамалық деңгейде толыққанды тіл ретінде мойындау, оны білім беру, медицина, сот жүйесі, мемлекеттік қызмет пен БАҚ-та қолдануға нақты кепілдік беру, сурдоаударма лимитін қайта қарау, сурдоаудармасы мен субтитрі бар контент көлемін көбейту және сурдопедагог мамандарын даярлау көлемін арттыру ұсынылды.

«Есту қабілеті бұзылған азаматтарға тең мүмкіндік беру қайырымдылық емес. Бұл әділетті мемлекеттің белгісі», - деп түйіндеді депутат.