Микроқаржы ұйымдары 300 мыңнан астам ел азаматтарын негізсіз қарызға "кіргізген" - ҚМА

Кәмшат Тілеухан 25 мау. 2025 11:00

Қаржылық мониторинг агенттігі заңнама талаптарын айналып өтіп, азаматтарға несие ұсынатын заңсыз микроқаржы ұйымдарының жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесімен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құзырлы ведомство мұндай ұйымдар заңды несиелеу түрінде қызмет көрсеткенімен, шын мәнінде қарыз алушыларға түрлі қосымша төлемдер мен пайыздарды, сақтандыру жарналарын міндеттеп жүктейтінін ескертеді.

"Бұл әдістер арқылы олар сыйақы мөлшерлемесіне қатысты заңмен белгіленген шектеулерді айналып өтеді. Нәтижесінде азаматтар өзіне жүктелген қарызды бірнеше есе көп процентпен төлеуге мәжбүр болып, қаржылық құрыққа ілінеді. 2025 жылдың басынан бері осындай 5 заңсыз микроқаржы ұйымының қызметі тоқтатылды. Бұл ұйымдардан 300 мыңнан астам азамат зардап шеккен, олардың жалпы артық төлем сомасы 71 млрд теңгеден асқан", деп нақтылайды ҚМА.

Қарыз алмас бұрын, оның барлық шарттарын мұқият оқып, түсініп алыңыз. Әрбір азаматтың не үшін төлем жасап жатқанын білуге толық құқығы бар.

"Заңды МҚҰ (микроқаржы ұйымдары) "тексерусіз" және "барлығына беріледі" деген уәделермен жұмыс істемейді", - дейді ведомстводағылар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар