Қызылорда облысы Шиелі аудандық ауруханасының әкімшілігі келушілерден дүниеге сәби әкелген ананы перзентханадан думандатпай шығарып алуға шақырды. Бұл туралы медициналық ұйым Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
"Күн сайын сағат 12:00-ден бастап жұмыс уақытының соңына дейін аудандық аурухана алды тойдағыдай у-шуға, қаптаған көліктерге, шоуға, аниматорларға толады. Ата-аналар, тума-туыс, дос-жаран кішігірім той жасайды. Бірнеше рет ескерту жасалды... Ескертуге қарамастан, думанды той күнде жалғасуда. Тұрғындар жаңа босанған анаға, өмірге келгеніне жеті күн толмаған баласына ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра, әншілерді, аниматорларды жалдап, концерт ұйымдастыруды үйреншікті әдетке айналдырған", - делінген жазбада.
Аудандық аурухана көпбейінді болғандықтан, басқа бөлімшелерде ауыр жағдайдағы науқастар жатады.
"Жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатқан ауыр жағдайдағы науқастар және олардың жанын шүберекке түйіп, тілеуін тілеп отырған туыстарының жағдайына адами тұрғыдан түсіністікпен қараған жөн. Перзентхана реанимациясында да өз өмірі үшін күресіп жатқан нәрестелер бар екенін ұмытып кетеді. Нәрестені өмірге әкелген аналардың да аурухананың реанимациясында жататын жағдайлары болады. Аналардың бірі сәбиін құшағына алса, кейбір ананың сәбиі жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатады. Нәресте туғаннан кейінгі алғашқы күндерде, анасы сияқты тыныштық пен демалуды қажет етеді. Босанған ана шаршайды және ол әдетте баласымен тыныштықта болғысы келеді. Бұл орайда қаумалап келген туған-туыстың у-шуы және қатты музыка жаңа туған нәрестенің есту қабілетіне зақым келтіруі мүмкін екенін, тіпті нәрестеде неврологиялық мәселелерді тудыруы мүмкін екенін білу маңызды.
Сондықтан аудандық аурухана айналасында, перзентхана маңында баланы шығарып алуға келгенде шоу-бағдарлама жасап, түрлі аниматорларды жалдамауға әкімшілік тарапынан талап етеміз", - деді аурухана әкімшілігінде.