Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов қайтыс болды

Сағыныш Сардарова 14 мау. 2024 20:51 10860

Ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов қайтыс болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл қаралы хабарды әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының кандидаты Мамай Ахетов әлеуметтік желіде жазды. Ақпаратты Алматы әкімдігінің мәдениет басқармасы да растады.

"Алтынның сынығы да - алтын... Ұлының тұяғы, асылдың сынығы, қазақ мәдениетінің шырақшысы Мұрат Мұхтарұлы да бетін келмеске қарай бұрыпты. Қош, абзал аға, ақылды ұстаз! Алдыңнан жарылқасын!" - деп жазды ол.

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Мерке кентінде дүниеге келген. 

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын "Қытай филологиясы" мамандығы бойынша бітірді.

КСРО Ғылым Академиясының әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады.

Қазақстан Журналистика Академиясының 2007 жылғы жалпы жиналысы арқылы Академияның толық мүшесі болып сайланды.

1970-1976 жылдарда М.М.Әуезов "Эстетика кочевья" ұжымдық монографиясын әзірлеген (1975 жыл) философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік етті.

1981-1987 жылдарда "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор болып қызмет атқарды.

1988-1990 жылдарда Қазақстан жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасын басқарды.

1990-шы жылдардың соңында М.М. Әуезов Қазақстандағы "Мир" телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі болды.

1990 жылы Әуезов М.М. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты болып сайланып, онда Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы болды.

1992 жылғы желтоқсаннан ҚХР-дағы төтенше және өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. 

1995 жылы Алматы облысы әкімдігінің ақпарат және Қоғамдық келісім департаментін басқарды.

1999 жылғы желтоқсаннан "Сорос-Қазақстан" қорының атқарушы директоры, 2002 жылғы шілдеден қордың президенті.

2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры қызметіне тағайындалды.

Мұрат Әуезов - "Времен связующая нить" (1972), "Иппокрена. Хождения к колодцам времен" (1997) және "Уйти, чтобы вернуться" (2002) атты танымал монографиялардың, сондай-ақ, көркемдік үдерістің теориясы мен тәжірибесінің  200-ден аса жарияланымдарының авторы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар