Аслан Мусиннің Астанадан «алыстағанына» алдағы айда екі жыл толады екен. Ол уақытша «көзден таса болғандардың» санатында. Соңғы кездері «Мусин үлкен саясатқа қайта оралуы мүмкін» деген сыбыс шығып жүр. Тегін емес-ау, дедік біз.
Бізде бір қызығы, айтылған әңгіме, тараған сыбыс аз уақыттан кейін шындыққа айналатыны бар. Қанша жерден қисынсыз көрінсе де... Содан да шығар, «Мусин қайта оралады» деген әңгіме ел кезіп жүр.
Кейбір саясаттанушылардың пікірінше, ол елшілікке кетерде Жаңаөзеннің жауапкершілігін өзімен бірге арқалап кетті және Жаңаөзен оқиғасын еске алғанда, оның саяси фигурасына соқпай өту мүмкін емес.
Ақ орданың «амалы»
Бүгінгі жүйеге, оның дәл осы кейіпте сақталып келе жатқанына биыл 25 жыл толады. Ал «айыпты» адамды алыс-жақын мемлекеттерге елші қылып жіберу бізде бұрыннан бар әдет, керек десеңіз, қалыптасқан тәжірибе.
Бәлкім, әлдебір әрекетімен асыра сілтеп жібергендер, былайша айтқанда, «бүлдіріп» қойғандар елшілік қызметке ауысады. Бірақ, мұның өзі әлгі адамның араға біраз уақыт салып қайта оралатынын аңғартатын әдіс. Себебі, олар әлі де болса Ақорданың «адал сарбаздары».
Бұл жалғыз Мусиннің басындағы жағдай емес. Нұртай Әбіқаевпен де, Ахметжан Есімовпен де, тіпті, Қанат Саудабаевпен де солай болған, бір кездері. Қазір бұлардың барлығы қайтып оралғандардың санатында.
Ілгеріде біз сөз еткен сыбыс шындыққа айналса, ертеңгі күні Мусин де үлкен саясатқа қайтып оралуы әбден мүмкін. Бұл орайда...
– Ол құлдыраған жоқ. Құлдырағандардың мысалы басқа... Оның елшілікке кеткені саяси сахнадан алшақтағаны емес, Мусиннің бет-бейнесін сақтап қалудың қарекеті болатын.
Оның қайтып оралуы саяси элитадағы кландарға немесе осы саясаттағы ірі ойыншыларға да байланысты емес. Үлкен кісінің қалауына қарай шешілетін дүние. Біз білмейміз, бәлкім шешіліп те қоюы мүмкін. Ол оралып, үлкен орынға отыратын болса, саяси сахнада тектоникалық өзгерістер болады, – дейді сарапшылар.
Ол Маңғыстауға келе ме?
2006 жылы ол Атыраудан Астанаға ауысқанда және алғаш Экономика және бюджет министрі, кейін вице-премьер, Мәжіліс спикері, ақыр аяғы Президент аппаратының басшысы болғанда Қазақстандағы кланаралық талас-тартыс ерекше күшейіпті, рас болса.
Ендеше, сарапшылардың «Мусин оралған жағдайда билікте тектоникалық өзгерістер болады» деуі тегін емес.
Мусиннің оралуына қатысты сыбысқа байланысты, біз пікір сұрастырған саясаттанушылардың кейбірі: «бір кезгі «ескі гвардияны» Батыс аймақтарға қайта оралту керек... Себебі, араларында Президенттің көңілін қалдырса да, әлі санаттан түсе қоймаған және істі дөңгелете алатын адамдар бар» деген пікірде.
Дәл қазір Маңғыстау өңіріндегі ахуал ауыр. Мұнайшылар толқуда. Мұнайлы өңір мұнай бағасының арзандауын көтере алмауда. Әсте арандату емес. Мұны аймақтың әкімі Алик Айдарбаевтың өзі айтты. Мұнай саласында жұмыссыз қалғандардың саны 150-ге жеткен... Бәлкім, басы ғана.
Энергетика министрі Школьниктің болжамына қараңыз. «Қара алтын» құлдырай берсе, Қазақстандағы мұнай компаниялары 40 мыңға тарта адамды жұмыстан қууы мүмкін», – дейді ол. Бұл – Маңғыстаудың мұнайшыларына да қатысты.
Қалай ойлайсыз, тобырды тоқтататын тәжірибе кімде бар?..
«Биылдан кешікпеуі керек...»
Қазіргі биліктегі азаматтарды «демократиялық негізі бар» және «демократиялық негізі жоқ» деп екіге бөлуге бола ма, қалай ойлайсыздар? Біздіңше, болатын сияқты.
Мусин осылардың соңғы тобына кіреді.
Жоғарыда айттық, сырт келбеті соншалықты сұсты да емес. Алайда, Ақтөбе (1995-2002) және Атырау (2002-2006) облысын басқарған жылдары Мусин қатал, тіпті кей жерлері қатыгез басшы ретінде есте қалыпты. Мұнайлы, донорлы аймақтарға, негізгі түсім түсіретін өңірлерге мұндай басшы керек те болған шығар, кім біледі.
Осы аралықта ол өзін мықты экономист және білікті басқарушы ретінде көрсете білген.
Мусинге мұндай баға берген біз емес, Назарбаевтың өзі-тін. Президенттен мақтау есту – бізде көзге түскеннің белгісі саналады. Сол-ақ екен, кейбір сарапшылар «Асланның «жолы ашылды», «болашағынан үлкен үміт күттіретін бір адам болса, ол осы – Мусин» деп болжаған. Ақыры қандай болды?
Бірақ, қазіргі уақытта бұл да маңызды емес.
Білетіндер, «Мусин биылдан кешіксе, бір кезгі белді саяси фигура ретіндегі өзектілігінен айырылып қалады» дейді.
Білмейміз, бірақ, білетіндер бекер айтпайды. Бұлай болса, орталыққа (Астанаға) оралуға Мусиннің өзі құлықты деген сөз және әлгіндей алыпқашпа әңгімені таратып отырған оның өзі болуы да әбден мүмкін.
Мусин – Қажыгелдин
Тоқсаныншы жылдардың ескі тігінділерін ақтара келе мынадай бір қызықты деректі көзіміз шалып қалды. Оның Ақтөбе облысының әкімі ретіндегі кандидатурасын қолдағандардың бірі қазір қуғында жүрген, экс-премьер Әкежан Қажыгелдин екен. Екеуі де сол тұстағы Өндірістік кәсіпкерлер одағының құрамында болған.
Қажыгелдин Үкіметтің тізгінін қолына алғасын, араға аз уақыт салып Аслан Мусин Ақтөбе облысындағы білдей басқарманың басшысы қызметіне тағайындалады, артынша әкімнің орынтағына отырады.
Ендеше, Мусинді Қажыгелдиннің кадры деуге келе ме? Жоқ. Біздіңше, Әкежанға әр өңірде өзінің сөзін өткізе алатын кадрлар қажет болды. Соның санатында Мусин де жүрген болуы керек...
Экс-премьердің қасында жүргендер: «Қажыгелдин «қақпанға» түскенде, Мусин Президенттің командасына қарай ойысты», – дейді.
Жаңаөзендегі трагедиядан кейін Мусин Президент аппаратының басшысы (2008-2012) қызметінен өз еркімен кетті. Есеп комитетінде (2012-2014) ұзақ аялдаған жоқ, ақыр аяғы алыстағы Балқан түбегінен бір-ақ шықты. Қазір ол Қазақстанның – Хорватиядағы, Черногориядағы, Босния және Герцоговинадағы өкілетті және төтенше елшісі.
Мусин – Жаңаөзен
Қандай да бір шешім қабылдарда Назарбаев Президент аппаратынан келіп түскен ақпаратқа арқа сүйейтіні белгілі. Әрине, аппарат басшысы қызметіне Мусин бір күнде қонжия салған жоқ. Сынақтан өтті, салмақ жинады. Парламент спикері, вице-премьер болғанын айттық. Мусинді ақыры аппаратқа әкелгенде Назарбаевтың не дегені есте қалыпты: «Аппарат басшысына үкіметпен де, Парламентпен де байланыс ұстаған маңызды. Оның үстіне Асланның аймақта жұмыс істеген тәжірибесі бар».
2008 жылы Президент аппаратының басшылығына тағайындалған Мусин мұнда да өзінің қаталдығы мен қатыгездігінен тайған жоқ. Аппаратты биліктегі ең ықпалды саяси күшке айналдырған да осы Мусин дейді. Әкімшіліктің министрлерді, әкімдерді аяғынан тік тұрғызған кезі осы уақыт.
Бұл кез сонымен қатар Мусиннің оппозициямен, жалпы, Ақорданың саясатына наразылық танытқан кез-келген қарсы күштермен радикалды түрде күрескен кезі-тұғын. Соның бір мысалы – Жаңаөзен...
Мусиннің Жаңаөзен оқиғасына және Атырау облысының экс-әкімі, қазір қашқында жүрген Бергей Рысқалиевтің (жалпы, ағайынды Рысқалиевтердің) былықтарына қатысы барлығын бір жылдары барлық баспасөз жапатармағай жазған.
«Елшілікке кетіп, елдің көзінен тасаланған Мусин Жаңаөзен оқиғасының жауапкершілігін өзімен бірге ала кетті» дейді. Мұны айттық.
Қалай болған күннің өзінде Жаңаөзендегі трагедия Мусиннің Президент аппаратын басқарған кезеңге сай келді. Кейіннен оның елшілікке аттануы «Мусиннің Жаңаөзендегі жағдайдың ушығуына қатысы бар» деген күдікті күшейте түсті.
Жаңаөзенге қатысты көптеген сауалға әлі күнге дейін жауап жоқ. Айталық, ашынған, алаңға шыққан жұртқа қарата оқ боратуға пәрмен берген кім? Әрине, бұған қатысы ресми ақпарат таппайсыз.
Өтірік-шыны белгісіз, бірақ сол оқиғадан кейін Аслан Мусин «Guljan.org» сайтының бір сауалына жауап береді.
«Жаңаөзендегі наразалық танытқандарға қарсы оқ атуды бұйырған сіз бе?» – дейді сайт.
«Жаңаөзендегі тәртіпсіздік туралы мен 2011 жылдың 16 желтоқсаны 12 сағат, 30 минутта құқық қорғау органдарының «докладынан» білдім. Халыққа қарсы отты қару қолдану туралы бұйрықты мен де, басшылық та бергеміз жоқ», – дейді Мусин.
Өтірік-шыны белгісіз деуіміздің себебі бар. Өйткені, бұдан кейін «Мусин осындай мәлімдеме жасады» деген сайт бұғатталып қалады.
Дайындаған Аль ФРЕДО