«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин KazLLM мен ChatGPT-ті бір-біріне қарсы қою дұрыс емес екенін айтып, жасанды интеллект экожүйесіндегі олардың рөлі екі түрлі деңгейге жататынын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, соңғы уақытта эфирлер мен қоғамдық талқылаулардан кейін «KazLLM - ChatGPT-тің баламасы ма, біз онымен бәсекеге түсеміз бе?» деген сұрақ жиі қойыла бастаған. Алайда бұл сұрақтың жауабы - жоқ.
Бағдат Мусин бұл айырмашылықты энергетика саласымен салыстырып түсіндірді. Оның сөзінше, іргелі тілдік модельдер (LLM) - электр станциясына ұқсайды. Олар «зияткерлік энергияны» өндіреді. Ал ChatGPT сияқты өнімдер - тұрмыстық құралдар: теледидар, шәйнек немесе тоңазытқыш секілді.
«Тұрмыстық құрылғылар өте ыңғайлы, әдемі, функционалды болуы мүмкін. Бірақ электр энергиясы болмаса, олар жұмыс істемейді», - деп жазды ол.
ЖИ-дегі “электр станцияларын” кімдер салып жатыр?
Мусин іргелі модельдерді әлемде ірі зерттеу орталықтары ғана жасай алады деп түсіндірді. Олардың қатарында OpenAI, Google, Meta, сондай-ақ БАӘ-дегі Technology Innovation Institute (Falcon моделі) бар. Бұл - жасанды интеллект инфрақұрылымының базалық деңгейі.
Ал ChatGPT, Microsoft Copilot, Perplexity AI, Notion AI секілді өнімдер - осы базалық генерацияның үстіне құрылған сервистер. Бір іргелі модель ондаған, тіпті жүздеген қосымшаны «қоректендіре» алады. Сонымен қатар бір қосымша бірнеше модельге API арқылы қосыла алады. Мұны әртүрлі қуат көздеріне жалғанған тұрмыстық құралмен салыстыруға болады.
Іргелі модельдің “қуаты” неден құралады?
Бағдат Мусин модельдің қуаты тек параметрлер санына (70B, 400B немесе 1 триллион) ғана байланысты емес екенін атап өтті. Нақты өнімділікті келесі факторлар анықтайды:
– архитектурасы;
– деректердің көлемі мен сапасы;
– оқыту кезіндегі есептеу ресурстары;
– тұрақты жаңартулар;
– GPU-инфрақұрылым;
– ғылыми команда.
Оның айтуынша, іргелі модельді «бір рет жасап, ұмытып кету» мүмкін емес. Ол үнемі жаңартылып, дамытылып отыруы керек. Инвестиция болмаса, мұндай модель бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады.
Онда KazLLM не үшін қажет?
Бағдат Мусин KazLLM-нің мақсаты жекелеген сервистермен бәсекеге түсу емес екенін баса айтты. Оның сөзінше, ұлттық тілдік модель:
– өз генерациясына ие болу;
– сыртқы тәуелділікті азайту;
– деректерді өңдеуге бақылау орнату;
– ғылыми мектепті дамыту;
– технологиялық егемендікті қамтамасыз ету үшін қажет.
Ол «зияткерлік энергияны» толықтай импорттауға болатынын, бұл бастапқыда ыңғайлы әрі арзан көрінуі мүмкін екенін де мойындады. Алайда стратегиялық тұрғыда мәселе - елдің өз генерациясының бар-жоғы. Бұл ұғым әлемде AI sovereignty, яғни жасанды интеллекттегі егемендік деп аталады.
Президенттің ұстанымы
Мусиннің жазуынша, Мемлекет басшысы жасанды интеллектке ерекше назар аударып отыр. Бұл - қолдаумен қатар, барлық деңгейдегі үлкен жауапкершілікті білдіреді.
«Президент нақты міндеттер қойды. Мемлекеттік қызметтер мен сервистер дами беруі керек, ал ЖИ негізіндегі өнімдер сенімді технологиялық базаға сүйеніп, пайдаланушыларға шынайы пайда әкелуі тиіс», - деп қорытындылады ол.
Сондай-ақ ол қоғамды хайп пен хейтке емес, сарапшылар мен уәкілетті органдардың түсіндірмесіне сүйенуге шақырды. Айтуынша, уақытша пікірталастар өтеді, ал eGov, ХҚКО, e-Өтініш секілді цифрлық өнімдер азаматтардың өмірін жеңілдетуді жалғастыра береді.
