"Мұқалмас" саяси ұйым емес. Әлтаев біздің атымыздан сайлауға түсе алмайды – ұйым мүшелері

Dalanews 17 қаз. 2022 13:46 783

Өздеріңізге мәлім алдағы ҚР Президент сайлауына үміткерлер қатарында Нұржан Әлтаев та бар еді. Ол «Мұқалмас» тәуелсіз байқаушылар қоғамдық бірлестігі атынан саяси додаға қатысуға ниетті болды.

Алайда оның құжаттарын қарауды Орталық сайлау комиссиясы уақытша тоқтатқан еді.

Себебі «Мұқалмастан» Нұржан Әлтаевты Президент сайлауына кандидат ретінде ұсынуға қарсылық білдіріп, сотқа жүгінген еді.

Бүгін Астана қаласындағы «Байқоңыр» аудандық соты Әлтаевты кандидат ретінде ұсыну туралы хаттаманы жарамсыз деп таныды.

Dalanews.kz "Мұқалмас" тәуелсіз байқаушылар ұйымының атқарушы директоры Ғазиза Әмірбекова және осы ұйымның Қарағанды облысындағы филиалының жетекшісі Майра Төлеубекқызына хабарласып мән-жәйды білген еді.

"6-шы қазан күні Zoom қосымшасы арқылы сайлауға байланысты конференция өтіп, Президенттікке "Мұқалмастың" атынан Нұржан Әлтаевтың кандидатурасын ұсынды. Біз ол хаттамамен келіскен жоқпыз. Орталық сайлау комиссиясына және сотқа да арыз бердік.

Міне бүгін сот біздің талап арызымызды қанағаттандырды. Хаттаманы заңсыз деп таныды.

Енді заң бойынша Президенттікке үміткер Нұржан Әлтаев "Мұқалмастың" атынан ары қарай іс-әрекетін жалғастыра алмайды.


Ал сотқа арызданған себебіміз, Республикадағы 13 өңірдің басшылары Әлтаевтың кандидатурасын қолдаған жоқ. Себебі "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі саяси ұйым емес. 27-ші қыркүйек күні бірлестіктің жалпы жиналысы өтті. Арамыздан ешкімді Президенттікке ұсынбаймыз деген бір ұстанымға келгенбіз. Өйткені біз саяси науқандарға тәуелсіз түрде бақылау жүргізетін ұйымбыз", - деді «Мұқалмас» тәуелсіз байқаушылар ұйымының атқарушы директоры Ғазиза Әмірбекова.

Сонымен қатар бізбен сұхбаттасқан Қарағанды облысы бойынша бөлімінің жетекшісі Майра Төлеубекқызы өз ойын былай жеткізді.

"Нұржан Әлтаевтың қазіргі тіркелген құжаттарына «Мұқалмастың» аймақтағы басшыларының және тәуелсіз байқаушылардың ешқандай қатысы жоқ. Оны «Мұқалмастың» орталық басқарушы органындағы Ақайдар Ысымұлы, Құрманғазы Айтмұрза, Аманғазы Заитов, Тұрман Оразымбет деген азаматтар толтырып жіберген.

Демек, Орталық сайлау комиссиясы біздің арыздарымыздың және Астана қаласындағы «Байқоңыр» аудандық сотының шешімі негізінде Әлтаевтың өткізген құжаттарын жалған деп таниды деп ойлаймын», - деді Майра Төлеубекқызы.

Айта кетейік "Мұқалмас" бірлестігінің 6-шы қазан күні өткен жиналыстағы хаттамада Нұржан Әлтаевтың ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынуын заңсыз деп танып, ұйымның мүшелері мен өңірлердегі басшылары қарсылық білдіріп, сотқа жүгінген еді.

Нәтижесінде сот Әлтаевты кандидат ретінде ұсыну туралы хаттаманы жарамсыз деп таныды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар