Мұнай арзандап, теңге нығайып жатыр. Неге?

Кәмшат Тілеухан 23 мам. 2025 13:22

Әлемдік нарықта мұнай бағасы үшінші күн қатарынан төмендеуде. Brent фьючерстері АҚШ-тағы мұнай мен жанармай қорының күтпеген өсімі жағдайында 63,43 долларға, ал WTI маркалы мұнайдың бір баррелі 60,42 долларға дейін төмендеді. Осыған байланысты нарық ойыншылары арасында сұранысқа қатысты алаңдаушылық күшейе түсуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Негізінен, геосаяси тәуекелдер нарыққа қосымша қысым жасауда. Инвесторлар ядролық келіссөздер мен Израильдің Иран нысандарына әуеден соққы беру ықтималдығы жағдайын бағамдап, сонымен қатар Ресей мұнайының экспортына әсер етуі мүмкін ЕО-ның Ресейге қарсы жаңа санкцияларының енгізілуіне қатысты әрекет етуде.  

Сондай-ақ ОПЕК + мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 411 мың баррельге дейін ұлғайту жайын талқылауда. Міне, осы жағдайлардың барлығы мұнай бағасының құлдырауына түрткі болды.

Ал мұнай бағасы құлдыраса, әдетте Қазақстанда АҚШ долларының бағамы өсетін. Алайда отандық валюта нарығындағы жағдай қазір басқаша. Мәселен, ҚР Ұлттық банктің бекіткен ресми бағамдарына сәйкес, 1 АҚШ доллары 21 мамырда 1,04 теңгеге арзандап, 510, 59 теңгені құраса, келесі күні - 22 мамырда 3,28 теңгеге тағы айтырлықтай құнсызданып, 507,07 теңге болды.

Apecon агенттігінің ақша бағамы бойынша алдағы күндерге болжамдарын жариялады. Оған сәйкес, ұлттық валютаға шаққанда 1 АҚШ долларының құны:  

  • Жұма, 23 мамыр: 506 теңге деңгейінде күтіледі (минимум - 498, максимум - 514).
  • Дүйсенбі,26 мамыр: болжам - 507 теңге (минимум - 499, максимум - 515).
  • Сейсенбі,27 мамыр: 509 теңге деңгейінде күтіледі (ең кемі - 501, ең көбі - 517).
  • Сәрсенбі,28 мамыр: болжам - 508 теңге (минимум - 500, максимум - 516).

Бұл деректер сарапшылардың мамыр айының соңына дейін америкалық валюта бағамы 507-509 теңгенің айналасында болатынын, сол секілді 498 және 517 теңге секілді шектердің игеру ықтималдылығын да болжайтынын көрсетеді.  

Бұған дейін сайтымызда "Теңгеге қысым бар". Алда доллардың қымбаттайтыны болжанады" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар