Кейінгі уақытта Семейде жаға ұстатарлық жағдайлар жиілеп кетті. Жаңа жыл қарсаңында жас мұғалім шырша безендіремін деп биіктен құлап, ауыр жарақат алса, күні кеше бір топ жасөспірім төменгі сынып оқушысына әлімжеттік көрсеткені белгілі болды. Белгілі ұстаз, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжанұлы аталған жағдайға байланысты пікір білдіріп, мәселенің түп-тамыры тереңде жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Мен ол жерден ештеңе күтпедім. Себебі қала әкімі мен білім бөлімі басшысының мұғалімге әлімжеттік жасауынан мұғалім шыршадан ұшып кетіп, жараланды емес пе? Дәл сондайлар тоқтағанда ғана оқушылар арасындағы әлімжеттік те тоқтауы мүмкін”, - дейді ол.
Оның айтуынша, қоғамдағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық ересектердің бір-біріне көрсететін қарым-қатынасынан бастау алады.
“Ауырлау шығар. Бірақ агрессия агрессияны тудырады. Әкімшіліктің мұғалімге көрсеткен агрессиясы — мұғалімнің оқушыға агрессиясын тудырады. Мұғалім мен ата-ананың балаға көрсеткен агрессиясы — олардың жүрегін қатайтып, бір-біріне агрессиясын тудырады.
Үйінде ата-анасы баласының көзінше боқтық сөзді еркін қолданып, ауыр сөздер айтатын болса, бала үшін бұл қалыпты жағдайға айналады. Мұндай ортада өскен бала боқтауды да, төбелесті де, әлімжеттікті де қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Өйткені балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі”, — деп қосты ол.
Ұстаз бұл оқиғаның қоғамды дүр сілкіндіргенімен, шын мәнінде жабулы күйінде қалып жатқан жағдайлардың әлдеқайда көп екенін айтты.
“Семейдегі жағдай жағаны ұстатып, қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті оқушы емес, кәдімгі қылмыскерлер арасында да ондай қатыгездік болмас. Бірақ бұл — ашыққа шығып, желіге тараған жағдай. Ал ел ішінде айтылмай қалған оқиғалар қаншама?
Себебі неде?
Неге бұндай оқиғалар жиілеп кетті?
Себебі қоғамда қатыгездік көп. Өтірік көп, алаяқтық көп. Жемқорлық, ұрлық-қарлық, сыбайластық. Отбасындағы әңгіме де, адамдар ортасындағы әңгіме де — осы. Өнегелі әңгіме, үлгі алар оқиға тым аз, аздың өзінің нәсихаты жоқ.
Ал, жамандықтың жарнамасы көп, дақпырты қалың, шуы қатты.
Ал өнегені қалай көрсетеміз?
Тіпті қазір әдебиет те, кино да, өнер де адам тәрбиелеуге ұмтылмау керек. Оның миссиясы ана-мына дейтіндер көбейді. Енді кім, не тәрбиелейді бұл ұрпақты?
Ал, тәрбиенің ошағы отбасы мен мектептегі тәрбиені айтсақ, көзді біраз сығымдауға, ашынып аһ ұруға тура келеді”, — дейді ол.
Ахметжанұлының пікірінше, оқушының үш тірегі – отбасы, мектеп және қоғам – ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, тәрбиені күшейтуі қажет.
“Қоғамдағы әр адам өскінді тәрбиелеуші!
Ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие жүйеден ұлттық мектеп керек!
Айғай салғым келеді!”, — деп сөзін түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Семейде бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын жабылып тепкінің астына алған еді. Сонымен қатар оны қорлап, мүшеқап үрлетіп, видеоға түсірген.
Қазір полиция болған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Осы жағдайға байланысты мектеп директоры жұмыстан босатылды.
Ал әлімжеттік көрсеткен балалар арнайы мектептерде оқитынды болды.
Сонымен қатар өткен жылы жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде 23 жастағы мұғалім биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Ол біраз уақыт төсек тартып жатып қалды. Тексеру барысында Еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін толық дәлелдеді. Сөйтіп жұмыс беруші зардап шеккен педагогтың ем-дом кезеңіндегі жалақысын толық төлеуге және емге жұмсаған шығындарын өтеуге міндеттелді.