Депутат Мархабат Жайымбетов премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға білім беру саласындағы жүйелі мәселелер туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі мектеп жүйесі барлық балаға сапалы білім беруде қиындыққа тап болып отыр, бұған бірнеше себеп бар.
"Біріншіден, шамадан тыс жүктеме, қағазбастылық, инфрақұрылымның теңсіздігі, сондай-ақ WhatsApp-тағы чаттар мен тапсырмалардың көптігі ұстаздың уақытын алып, оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық та айқын: бір аймақта жаңа мектептер салынса, басқа өңірлерде интернет пен техника жетіспейді", - деді ол.
Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, білімдегі олқылықты толтыру үшін ата-аналар балаларын репетиторға беруге мәжбүр.
"Қазір репетиторлыққа сұраныс шамамен 25 пайызға өскен. Репетитор сән емес, қажеттілікке айналды. Бірақ оған барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Осылайша білім теңсіздігі күшейіп, әлеуметтік әділетсіздік тереңдеп барады. Үлкен мәселе", - деді ол.
Мархабат Жайымбетовтің сөзінше, білім сапасы тікелей ұстазға байланысты.
"Қазір қағазбастылықты жоямыз деп барлық қызметті цифрландыру процесі жүріп жатыр. Оның ішінде педагогтердің аттестациясы мен жұмысқа қабылдау рәсімдері де бар. Бұл, әрине, тиімді көрінуі мүмкін, алайда электрон форматта өткізілгенімен, көбіне сканерленген құжаттармен шектеледі. Ал мұндай құжаттардың шынайылығы бөлек мәселе. Осы орайда бұл екі рәсімде де адамның жеке тұлғалық қасиеттері мен маман ретіндегі шынайы құзыреттілігін толық бағалау қиын. Сондықтан балаға білім мен тәрбие беру негізгі мақсат екенін ескере отырып, бұл рәсімдерге "әңгімелесу" немесе "сабақ беру" кезеңін қосу орынды", - деді депутат.
